Еңбек адамдары – ел экономикасын жасайтын алып күш
Бәсекеге қабілетті, экономикасы озық ел болу үшін қарапайым еңбек адамдары дәріптеліп, жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артуға тиіс. «Ел экономикасын жасаушылар - түрлі саладағы қарапайым еңбеккерлер», - дейді Қарағандыдағы тау-кен, өзге де өндіріс техникалары бөлшектерін шығаратын зауыт жұмысшылары.
Президент Қазақстан халқына арнаған жолдауында кеңінен тоқталған бір мәселе, осы қарапайым жұмысшыларға қолдау көрсету, дәріптеу. Бұл ретте келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы барша еңбеккерлерге деген үлкен құрмет екенін кәсіпорын ұжымы атап өтті.
Тау-кен, өзге де өндіріс техникаларының бөлшектерін шығаратын кәсіпорында 10 астам мамандық иелері жұмыс істейді. Мейрам Тагиров 15 жылдан бері осында еңбек етіп жүр. Тәжірибелі токарь қазір мұнда жетекші бригадир. Жаңадан жұмысқа орналасқан жастарды жанына топтастырып, бар білгенін үйретеді. Бірнеше жыл бұрын үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. «Жастарды техникалық мамандықтарға тарту үшін бала кезден тәрбиелеп, кейін жұмыста да қамқорлық көрсету қажет», - дейді ол.
Мейрам Тагиров, токарь:
- Бізде баяғыда мектепте еңбек сабағы болды. Сол еңбекте әртүрлі станоктар болатын ағашқа, темірге. Соған тартылып, мектептен бастап осындай болғам. Мен 2001 жылдан бастап осында оқушы болып келгем. 22 жаста болдым. Ең бірінші тәртіп болды ғой. Ол кезде үлкен кісілер болды, қазір жоқ қой олар. Бұрғыны мысалы қайрау керек, қалай бұрғылау керек, барлығын үйрететін. Бізде солай үйретіп жатырмыз енді жастарды.
Кәспорында 559 адам жұмыс істейді. Ерлермен қатар қыз-келіншектер де мұнда иық тіресе еңбек етіп жүр. Алып аспалы кранды басқаратын Рысты Оспанова күн сайын тонналаған темір бөлшектерді жиыстырады. «Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында еңбек жағдайы жақсарып, өндірістік қауіпсіздікке мән берілуде», - дейді ол. Дегенмен зауытта әлі де маман тапшы. Мәселен Рысты сынды аспалы кран машинистері өндірісте үнемі жетпей жатады екен.
Рысты Оспанова, кран машинисті:
- Зауытта кран машинистары өте керек кәсіп. Өйткені ауыр темірлерді, жүктерді көтереміз ғой. Орыннан-орынға қозғалтып, білдектерге қоямыз. Адамдармен жұмыс істейміз. Сондықтан бұл өте керек кәсіп деп ойлаймын.
Зауытта жұмысшы мамандықтарда оқып жатқан жастарды қолдау мәселесіне де үлкен мән беріледі. Биыл мұнда колледж және университеттен келген 200 астам студент практика өтуде. Көзге түскендері кейін осында жұмысқа қалуына мүмкіндігі бар. Кейін арнайы оқу курстарына жіберіп, біліктіліктерін арттыруға қолдау көрсетіледі.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар