Лондонда Дүниежүзілік ядролық симпозиум өтті

Лондонда атом өнеркәсібінің көшбасшылары жиналып, баға жетпес идеяларымен бөлісті, деп хабарлайды 24KZ.

700-ге жуық сала маманы 3 күн бойы таза әрі тұрақты қуат көзінің бүгіні мен болашағын талқылап, тәжірибе алмасты.

Көптеген мемлекет арзан әрі үздіксіз энергияға қол жеткізуді мақсат етеді. Өйткені ол ғаламшарды ластанудан сақтап, гүлденденуіне септігін тигізеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылғы Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында айтылғандай, атом энергиясын пайдаланатын елдер парниктік газ шығарындыларын тез және тұрақты түрде азайтып отыра алады.

Сама Бильбао-и-Леон, Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың бас директоры:

- Әлемнің 199 елі климаттық өзгерістердің алдын алу үшін атом электр стансыларының керектігін мойындады. Қоршаған ортаны ластайтын парниктік газдардан құтылудың экономикалық тұрғыда тиімді жолы – сол стансыларды салу. Дүниежүзі бойынша ядролық энергияға деген сұраныстың артқанын біз байқап отырмыз.

Ядролық энергияның таза ауадан да басқа берері көп. Дамыған мемлекеттерде ол экономикалық тұрғыда тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, Румынияда 2 ядролық реактор бар. Олар елдегі электр энергиясының шамамен 20%-ін өндіріп отыр. 

Космин Гита, Nuclearelectrica компаниясының бас атқарушы директоры:

- Алдағы 10 жыл ішінде Румыния өз экономикасын декорбанизациялау мақсатында бұл көрсеткішті екі есеге дейін ұлғайтпақ. Жобаларымызды сәтті жүзеге асырып, тәжірибе жинақтаудың арқасында атом стансысының қуаттылығы және қауіпсіздігі жағынан біз жетекші елдердің біріне айналдық. Қажет болған жағдайда білімімізбен бөлісуге дайынбыз.

Ядролық электр стансылары бұрыннан бар немесе олардың құрылысымен енді айналысып жатқан мемлекеттер атом энергетикасының маңыздылығын толық мойындайды. Индустрия да өзінің даму жоспарын ілгерілетіп келеді. Шараға қатысушылардың арасында қазақстандық өкілдер де бар.

Аманжол Елемесов, «Tөр Алтай Nuclear Consulting» ЖШС басқарушы серіктесі:

- Азаматтарымызды атомдық энергетикадан қорықпауға шақырғым келеді. Өйткені ол – болашақтың кілті, қоршаған ортаны ластамайтын таза қуат көзі. Бүгінгі симпозиумға қатысқан мемлекеттердің барлығында атом электр стансылары бар. Олардың халқы арзан әрі тұрақты энергияның рақатын көріп жатыр. 

Атом саласындағы ең ірі симпозиум жыл сайын ұйымдастарылады. Ал биыл Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың 44 елден келген 700-ге жуық мүшесі  бас қосты. Атап айтқанда, уранды өндіру, конверсиялау, байыту бойынша сала мамандары, ядролық инжиниринг және реактор тасымалдау компанияларының өкілдері, ғалымдар және үкімет мүшелері қатысты.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.