Заңсыз иемделген 1,5 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды
Қазақстанда заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары ширап келеді, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінгі күні шамамен 1 жарым триллион теңге қайтарылды. Бұл – қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша мемлекет пайдасына өндірілген қаржы мен мүліктер. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік, өндіріс және құрылыс нысандары, зергерлік және брендтік бұйымдар мен өзге де бағалы заттар бар. Активтер екі жолмен – ерікті немесе мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтарылған. Қаражаттың барлығы республикалық бюджетке түседі және жол, балабақша, мектеп, емхана құрылысы секілді әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы:
- Ағымдағы жылдан бастап бейінді заңда белгіленген жаңа тетіктермен қайтару тәсілдерін қолдана бастадық. Бұл жұмыста активтерді заңды айналымға тарту арқылы Қазақстан халқының игілігі үшін еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі заңның қабылдану мақсаттарын қатаң ұстанудамыз. Заңның негізгі қағидаттарының бірі ол ерікті қайтаруды ынталандыру болып табылады.