Көшпенділер ойындарына 100 мың турист келеді
Астанада өтіп жатқан бесінші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына 100 мыңнан астам турист келеді деген мәлімет бар.
Бұл Туризм және спорт министрлігінің алдын ала есебі.
Иә, қазір ішкі туризмге де сұраныс жоғары. Биыл 3,5 млн қазақстандық ел ішін аралаған.
Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлем назарында. Төрткүл дүниедегі көрерменнің бірі теледидар мен желіге телмірсе, енді бірі Астанаға «ат терлете» жеткен. Туризм және спорт министрлігі ойындар барысында елордаға 100 мыңнан астам турист келуі мүмкін дейді. Жалпы қатысушылар мен көрермендер саны рекордтық көрсеткіш орнайды. Қазірдің өзінде сайыстарға қатысу үшін 89 елден 2 700-ге жуық спортшы келгені белгілі. Одан бөлек, әлемдік БАҚ өкілдері, блогерлер бар. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, мұның бәрі елдің халықаралық аренадағы имиджін арттыра түседі. Мемлекет басшысының қабылдауында болған БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының бас хатшысы Зураб Пололокашвили де Қазақстанның туристік әлеуеті зор екенін атап өтті. Оны әрі қарай дамытуға ықпалдасатынын жеткізді. Айтпақшы, ұлы дала дүбірі кезінде көпшілікке 1 300 ерікті қызмет көрсетеді. Оның 1 280-і қазақстандық, қалғаны шетел азаматтары.
Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- 2014 жылы Қырғызстанда өткен алғашқы ойындарға 19 елден 600 спортшы қатысып, мыңдаған турист пен көптеген халықаралық медианың назарын аударды. 2016 жылы қатысушы елдердің саны 62-ге жетіп, іс-шараға 40 мың турист келді. 2018 жылғы ойындарға 80 елден 2 000-нан астам адам қатысып, көрермендер саны 150 мыңнан асып жығылды. Бұл сандардан ойындар жылдан-жылға туристерді көптеп тартатынын, бұл өз кезегінде қабылдаушы елдің экономикасы мен туризм саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосатынын көре аламыз.
Қонақ үйлердің табысы артты
Үш айда елдегі қонақ үйлер 4 млн мейманға қызмет көрсеткен. Ұлттық статистика бюросы мұны кейінгі 10 жылда алғаш рет тіркелген рекорд деді. Қонақ үйлердің табысы да 10 пайызға артып, 121 млрд теңгеге жетті. Мамандар Қытайдан келген туристердің үлесі 2 есе артқанын айтады. 70 мың адам саяхаттады. Үндістаннан 54 мың адам келіпті, бұл 2,5 есе артық көрсеткіш. Малайзиялық туристер саны 4 мыңға жетті. Бұл былтырғыдан 4,5 есе көп. Ал Ресей, Украина, Франциядан келетін меймандар саны басқасынан көбірек болғанымен, үлес салмағы біршама төмендеген.
Қазақстанда ішкі туризм өркендеп келеді
Биыл 3,5 млн адам ел ішінде саяхаттаған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 350 мыңға көп. Әсіресе мегаполистерді көруге келгендер қатары арта түсіпті. Өңірлердің тұмса табиғаты да қазақстандықтардың қызығушылығын еселей түскен. Құзырлы министрлік туристік инфрақұрылымдар мен қызметтерді жаңғырта беруге ниетті.