Қазақстан-Қатар: 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады

Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестициялық келісімдер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Қатарға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары кезінде бекіді.

Уағдаластықтар қалай жүзеге асып жатыр? Келісімнің ел экономикасына пайдасы қандай?

Президентіміз ақпан айында Қатар мемлекетіне алғашқы мемлекеттік сапарын жасаған еді. Кейін Мемлекет басшысының бұл сапарына бірқатар сарапшы қауымы тарихи деген баға берді. Президенттің өзі де бұл сапардың қорытындыларын жоғары бағалады.  

Ортақ мақсатымыз – ұзақмерзімді стратегиялық серіктестік құру. Өйткені екі мемлекеттің де инвестициялық әлеует үлкен. Ал мүдделерімізде ұқсастық бар. Бүгінде Катар мемлекетінің геосаяси амбициялары артып, Таяу Шығыстағы жетекші саяси-экономикалық хабқа айналып келеді. Ал біз Орталық Азия аймағындағы құрлықтық хабқа, лидерге айналуды көздейміз. 

Қатарлық инвесторлар жалпы сомасы 20 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестиция құюды жоспарлап отыр және осы қомақты қаржыға елімізде 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Қатарлық инвесторлар еліміздің телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларына қаржы құюға дайын.

Енді осы жобалардың арасында 2 сатылым жобасы бар. «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акциясын «Lesha Bank»-тың сатып алуы жөніндегі жобасы. Жалпы Bereke Bank банкінің бұған дейін қаржылық қиындықтарға ұшырағаны белгілі. Бұған дейін ол Қазақстан аумағында Сбербанк атауымен жұмыс істеген еді. Алайда шетелдік санкциялардың салқыны оған да әсер етіп, бұл банк кейін «Бәйтерек» холдингінің құрамына енген болатын. Үкімет қолдауының арқасында кейін банктің жұмысы қалыпқа келіп, енді оны инвесторларға сату мүмкіндігі туындап отыр.

Сол сияқты еліміздегі ұялы операторлардың бірі – «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын «Power International Holding» компаниясы сатып алуға дайын. Бұл – Қазақтелеком компаниясының құрамына кіретін ұялы операторлардың бірі.

Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қатар мен Қазақстан арасындағы келісішарт – бұл мемлекет экономикасына өте әсер ететін ақша. Әрине, инвесторды тарту үшін оған жағдай жасау керек. Егер инвесторге сіздің мемлекетіңіздің талаптары ұнамаса, олар көрші елге кетіп қалады. Оларды кетірмеу үшін мемлекеттер инвестор үшін таласады.

9 жоба энергетика, газ өндіру салаларын да қамтиды. Сондай-ақ Ертіс өзенінде қуаты 350 МВт-қа дейін су электр стансысын салу жобасы да бар.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Бұл – Шүлбі электр стансының әлеуетін көтеруге, жалпы өңірдегі гидроэнергетиканың әлеуетін пайдалануға арналған жоба. Бұл да еліміздің энергетика саласына үлесін қосатын жоба деп ойлаймын. Бұл жоба қазір дайындық үстінде. Бұл жерде де инвестиция құрылады.