Брюссельде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
Бельгиялық инвесторлар Қазақстан экономикасына инвестиция салуға мүдделі, деп хабарлайды 24KZ.
Брюссельде Қазақстанның инвестициялық, сауда-экономикалық мүмкіндіктері таныстырылды.
Бельгия – Қазақстанның ірі инвесторларының бірі. 2023 жылы корольдіктің елімізге тікелей шетелдік инвестиция ағыны бір миллиард АҚШ долларынан асты. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиард долларға жетті. Бұл туралы Брюссельде Қазақстанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктеріне арналған іс-шарада айтылды.
Бельгиядағы мемлекеттік органдар мен жеке бизнестің 50-ден астам өкілі қазақстандық серіктестермен ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті. Осы елдің сыртқы сауда агенттігінің басшысы Фабьен Люст Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік көпірі ретінде өсіп келе жатқан рөлін ерекше атап өтті. Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан еліміздің алдағы уақытта да шетелдік инвесторларды қолдауға дайын екендігін жеткізіп, бельгиялық компанияларды Қазақстан экономикасына көбірек инвестиция салуға шақырды.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгия және Люксембургтағы Елшісі, ЕО және НАТО жанындағы ҚР миссиясының басшысы:
- Былай қарасақ, инвестициядағы бұлардың бағыттары транспорт, сауда, IT және ауылшаруашылық жобаларына қызығушылық білдіріп жатыр. Бір компания бір топ жобаны бастады. Қазақстанда Қытаймен шекараның жанында үлкен терминал салайын деп жатыр. Екінші компания осы тура Алматы облысында белсенді жұмыс істеп, жергілікті басшыларымен, бизнесмендермен тағы бір терминал ашайын деп жатыр.
Фабиенн Луст, Бельгия сыртқы сауда агенттігінің басқарма төрағасы:
- Менің ойымша, біздің біздің елдер көп салада ынтымақтастықты күшейте алады. Мысалы, экспорттық бағыттардың бірі ретінде машина жасау секторын алайық. Қазақстанда қазір белсенді жұмыс істейтін көп көлік компаниялары бар. Бельгияның денсаулық сақтау мен фармацевтика секторында да тәжірибесі мол. Жалпы ынтымақтастық аясында қазақстандық әріптестерімізге түрлі жобалар ұсынуға дайынбыз.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан үкіметінің инвестициялық бизнес-климатты жақсарту бойынша жүзеге асырылып жатқан іс-шараларымен және көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм және металлургия салаларын дамыту жоспарларымен танысты. Бұл жобалардың барлығы бельгиялық инвесторлардың назарында. Қазір титан және басқа да ферроқорытпа мен түсті металдарды өңдейтін компаниялар тобы Өскемен титан-магний комбинатымен серіктестік орнатқан.
Оливье Эскене, «Metraco» компаниялар тобының өкілі:
- Біздің компания түсті металдар мен ферроқорытпаларға, әсіресе титан өнімдеріне маманданған. Қазақстанда титан өнеркәсібі жақсы дамыған және бұл салада еліңіз әлемдік деңгейдегі бәсекелес болып табылады. Биыл Өскемен титан-магний комбинаты өнімдерінің кейбір түрлері бойынша серіктестік орнаттық. Осы зауыттан сатып алған шикізатымызды Ұлыбритания мен Эстониядағы өндіріс ошақатрына жбіреміз. Елдеріңіздегі іскерлік ахуалдың даму деңгейіне өте жоғары. Екіжақты ынтымақтастығымыз артатынына сенімдімін.
Бельгияның Қазақстандағы Елшісі Анри Вантигем екіжақты саяси және экономикалық қатынастардың дамуы туралы айтты. Бельгиялық дипломат екіжақты ынтымақтастық көп жағдайда Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесінің келісімдеріне сай дамитынын ерекше атап өтті.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.