Алматының туристік келбеті қарқынды дамып келеді

Алматының туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды 24KZ.

Былтыр туризмнен қала бюджетіне 71 миллиард теңгеден аса салық түсті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 64% жоғары. Елге келетін шетелдіктердің жартысы табан тірейтін қаланың туристік инфрақұрылымы дамып, инвестиция көлемі арта түскен.

Елдің экономикалық әрі мәдени мегаполисі саналатын Алматының туристік келбеті қарқынды дамып келеді. Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, аталған саладағы салықтық түсім жалпы бюджеттің 5%-не тең. Туризмге қаржы салатындар қатары артып, былтыр 106 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылған. Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 47% көп. Мегаполистің туристік келбетін арттыру үшін қызмет көрсету саласы да қолға алынған.

Мақпал Әбдіқадыр, туризм басқармасының талдау және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы:

- Кадрлық әлеуетті арттыру бойынша 200 гидті оқыту және біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, ол үшін дүниежүзілік гидтер қауымдастығы тартылды. Сонымен қатар 300 туристік қызметкерлерді фасилитациялық сессиядан өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар туризм саласында жұмыс істейтін қызметкерлерді ағылшын тіліне оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматыға келетін саяхатшылардың көбі – Орталық Азия елдерінің азаматтары. Дегенмен алыстан арнайы келетіндер де көбейген. Мысалы, отандық туризмге қызығушылық танытқандар арасында Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия және АҚШ көш бастап тұр. Орта есеппен бір шетелдік турист елге 1500 доллар алып келеді.

Иоанна Варзинска, турист:

- Біз отбасылық достар болып, 4 адам келдік. Бір аптадан бері Алматы қаласы мен облысын қыдырып, табиғатына тамсанып жатырмыз. Туристік орындар мегаполистен алыс емес, жабайы табиғат сақталған. Қызмет көрсету саласын бұдан да дамыту керек деп ойлаймын.

Равиндер Шарма, турист:

- Бұл менің Қазақстанға төртінші рет келуім. Бұл ел – үндістандықтар арасында танымал мемлекеттердің бірі. Табиғаты керемет, адамдары мейірімді. Бірақ тілдік қиындық бар. Егер де қазақстандықтар ағылшын тілін жақсы білсе, туристер саны арта түседі деп ойлаймын.

Биыл туристік аймақтарға баратын 100 шақырым жолдың 81 шақырымы абаттандырылды. Сонымен қатар жайлы демалыс үшін 3 кемпинг аймақ жасақталып жатыр. 8 түрлі шағын сәулет нысаны орнатылып, 3 бұлақтың бастауы абаттандырылады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев.