Қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Қысқа дайындық мәселесі Үкіметте де, жергілікті әкімдіктерде де бірнеше мәрте көтеріліп, жан-жақты талқыланып жатқаны анық.

Себебі бір айдың көлемінде теріскейдегі өңірлерде жылу маусымы басталады. Сонымен алдағы қысқа дайындық қалай?

Үкімет пен жергілікті әкімдіктер көктем туғалы дайындықты бастап кеткен еді. Алдағы уақытта айтып берейін.

Қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Қыс қыр астында. Былтыр қыс жайлы өткені белгілі. Алайда бұған дейінгі Екібастұз бен Риддердегі апат әлі ешкімнің есінен шыға қоймағаны анық. Қыстың көзі қырауда мыңдаған отбасы жылусыз қалған еді. Жауапты органдар өткенді сабақ деп түйгені анық. Сондықтан кейінгі жылдары ескірген қазандықтарды жөндеуге барынша көңіл бөліп отыр. 

Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл 10 энергоблокты, 55 қазандық пен 45 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды. Бүгінде бұл жұмыстың жартысы орындалды. Яғни 5 энергоблокта 26 қазандық пен 23 турбинадағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған нысандардағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Бұл елдегі жылу орталықтарының тозу деңгейін жақсартуға ықпал етіп отыр.

«Қазір 3 энергоблокта 26 қазандық және 19 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде еліміздегі жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 65 пайызды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға төмен. Биыл реконструкция және жаңарту жұмыстары нәтижесінде орташа тозу деңгейін 65 пайыздан 61 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр».

Министрліктің ақпараты бойынша қазір жылу өндіретін қазандықтардың дайындығы 98 пайызды еңсеріп отыр. Отын қоры да жеткілікті дейді жауаптылар. Бүгінде отын қоймаларында 4,3 млн тонна көмір және 90 мың тонна мазут бар. Жалпы елдегі жылу-электр станциялары жылына шамамен 60 млн тонна көмір жағады. Бұған дейін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев халыққа 6 млн тоннадан астам көмір қажеттігін айтқан еді.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Барлық өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Көмірмен қамтамасыз етуге тоқталсақ, алдағы жылыту маусымына көмірге қажеттілік 8,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде 2,3 млн тонна – коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке, 6,3 млн тонна халық пайдалануына қажет. Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілді. Бұл жылдық жоспардың 12%-ын құрайды.

Үкіметтегі отырыста Премьер-Министр Олжас Бектенов 15 қазанға дейін денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлер толық дайын болуы тиіс екендігін айтты. Бұл жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру үшін жедел штаб құруды тапсырды. Және халықты отынмен қамтамасыз етуде іркіліс болмауын міндеттеді Премьер-Министр.

Валюта бағамы

Сөз соңында валюта бағамы туралы. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллар сәл қымбаттады. Бүгінгі құны – 477 теңге 62 тиын. Еуро да шамалы қымбаттап, 527 теңге 67 тиынға бағаланды. Қытай юанінің құны 67 теңгеден асты. Яғни 67 теңге 16 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 25 тиын сомасында тұрақтады.