Премьер-министр ірі бизнес өкілдерімен кездесті
Жасанды интеллект жүйелерін қолдануды кеңейту және цифрлық технологияларды дамыту. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, экономиканың нақты секторын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды 24KZ.
Жиында энергетика, өңдеу өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия, агроөнеркәсіп пен көлік және қаржы салаларының өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Тағы отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері де көтерілді. Қазір Үкімет ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық қамту үлесін айқындау бойынша әдіснама әзірлеп жатыр. Олжас Бектенов жаңа тетік анағұрлым әділ болатынын және отандық кәсіпорындардың дамуына елеулі серпін беретінін атап өтті. Сондықтан жауапты мамандарға жүргізіліп жатқан жұмысты жеделдетуді тапсырды. Бұдан бөлек, талқылау барысында елді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселесі де қаузалды. Бизнес өкілдері Мемлекет басшысының атом энергетикасын дамыту жөніндегі бастамасын қолдап, энергия тапшылығы жағдайында өнеркәсіпті одан әрі дамыту және жаңа нысандарды іске қосу үшін тұрақты әрі сенімді қуаттың жаңа көзі қажет екенін тілге тиек етті.