Елде электр энергиясын өндіретін қондырғылардың 60%-ы тозған

Елдегі қуат өндіретін қондырғылардың 60%-ға жуығы ескірген, деп хабарлайды 24KZ.

Оның жартысынан көбі осыдан 30 жыл бұрын орнатылған. Салдарынан халыққа жеткенше энергияның бір бөлігі шығын болады. Ал жел және күн энергиясы тұрақты қуат көзімен қамтамасыз етпейді. Қазір технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. «Сондықтан оның мүмкіндігін біз де пайдалануымыз керек», – дейді сала мамандары. Атом электр стансысы арқылы энергия өндіру бойынша АҚШ көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Франция мен Жапония. Ғалымдардың айтуынша, АЭС  ғылым, технология, өнеркәсіп сияқты салаларды жаңа деңгейге көтереді.

Ертуған Үмбетқұлов, техника ғылымдарының кандидаты:

- Жаңартылатын энергия көзі қажет. Оны тоқтатпаймыз. Дамуына жағдай жасауымыз қажет. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Атап айтқанда, энергетикалық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Біз сала мамандары ретінде электр энергиясын тұтыну кестесін бақылап тұрамыз. Мәселен, елімізде қуат көзіне жүктеме көбейген кезде энергия 5 есе қымбаттайды.  Қысқы маусымда сол бағамен Ресейден сатып аламыз. Атом электр стансысы энергетикаға қатысты осындай бірқатар мәселені шешеді деп ойлаймын.