АЭС салу бойынша жаңа ақпараттық сайт іске қосылды

Қазақстанда атом электр стансысын салу бойынша ресми сайт жұмысын бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Халықтық штабтың жаңа Аes2024.kz деп аталатын ақпараттық порталынан атом энергетикалық стансысы туралы барлық мәліметті оқуға болады. Аталған платформада әлемдегі атом энергетикасының даму тарихы да бар. Яғни, оның саны мен халықаралық тәжірибеден бастап, қауіпсіздік стандарттары мен жаңа буын реакторларының ерекшеліктеріне дейінгі деректер қамтылған.

Бүгін «AMANAT» партиясының «TALQYLAU» диалог алаңында Халықтық штабтың отырысы өтіп, жиналғандардың пікірлері тыңдалды және сайт жұмысы таныстырылды. Ал талқылау барысында сала мамандары елімізде қазірдің өзінде энергия тапшылығы барын айтты. Былтыр да бүкіл тұтынылған энергияның 2%-ін көршілес елден сатып алуға тура келген.

Бақтияр Мәкен, Халықтық штабтың медиа-тобының жетекшісі:

- Жалпы қоғамда қазір көптеген сұрақ қойылады ғой. Біз арнайы сол жерде 55 сұраққа 55 жауап таптық. Сайт ары қарай да өзінің интерактивтік жұмысын жалғастырады. Халықаралық эксперттердің де ойлары керек. Жалпы одан ары да сұрақ туындауы мүмкін. Сондықтан бұл сайт өз жұмысын жалғастырады.

Гүлмир Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директорының орынбасары:

- Негізінде АЭС – жасыл энергетикаға жататын тұрақты 24 сағат бойы энергия өндіретін стансы. Әрине, жаңартылған энергия да жасыл энергия көздеріне жатады. Бұл сектор да Қазақстанда жақсы дамыған. Алайда олар ауа райына тәуелді болғандықтан, тұрақсыз болып саналады.