Қазақстанда уран өндірісі ұлғайтылады

Елде келер жылдан бастап уран өндірісі артады, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл оның көлемі 22 мың тоннаға жеткізіледі. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7% көп. Ал экспортқа жіберілетін дайын өнім тағы 4 мың тоннаға ұлғая түседі. Ол үшін Түркістан облысындағы өндірістік кешеннің технологиялары жетілдіріліп, қосымша кен орындарына барлау жүргізіледі. Сонымен қатар кеніштегі уран құрамында бағалы металдар табылды. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы өкілдерінің айтуынша, қазір оны кәдеге жарату ісі кеңінен зерттеліп жатыр.

Қаратау кеніші Созақ ауданының орталығынан 250 шақырым қашықта орналасқан. Кәсіпорынның 7,5 гектарын негізгі геотехнологиялық алаң алып жатыр. Мұнда 650-700 метр тереңдікте шикізат шығаратын 1500 ұңғыма қазылған. Оның жартысынан көбі күкірт қышқылын жерастына сіңіріп, шаймалау әдісіне бағытталған. Бұл жұмыстар автоматты жағдайда атқарылады.

Нұржан Қалдыбеков, геотехнологиялық алаң басшысы:

- Негізінде ең тиімді әдіс экологиялық жағынан қарағанда және өнімділік жағынан қарағанда. Табиғи ураны бар затпен қатты затты сұйыққа айналдырамыз. Оны жер астында ерітіп, сору ұңғымасы арқылы жер бетіне көтеріп, арнайы ерітінді қабылдау және тарату қондырғысына жеткіземіз.

Зауытта шикізатты бірнеше өңдеу арқылы уран тотығын алу мүмкіндігі бар. Оны әуелі ашық аспан астындағы бассейнде тұндырады. Кейін сүзгілеу үшін цехтарда кептіреді. Пеште 850 градусқа дейін қыздырып ыдыратады. Осылайша, кеніште күніне 16 келіден астам өнім дайындалады.

Әділ Файзуллаев, аффинаж цехының шебері:

- Ылғалын аламыз, сумен ішіндегі тұзын жуамыз. Ауамен кептіріп, пешке түсіреміз. Пештен шыққан кезде ол уран оксиді болып шығады. Бәрі автоматтандырылған. Бірдеңе болған жағдайда дыбыс береді. Сол дыбысқа адам барып, жөндеп келеді. Ауысымда 3 сағаттан артық жүрмеуі керек адам. Оның бәрі бізде сақталған.

Елде Қаратаудан өзге 25 кен орнында уран өндіріледі. Биыл жоспар бойынша 22,5 мың тонна дайын өнім алынбақ. Ұлттық компанияға уран тотығын әзірлеуді көбейту үшін тағы 2 кен орнына барлау жүргізуге лицензия берілді. Сондықтан «Қазатомөнеркәсіп» келер жылы күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік беретін зауыт құрылысын бастамақ. Ал шикізаттан бөлінетін ванадий, скандий және литий сияқты бағалы металдарға ғылыми зерттеу қолға алынды.

Қуаныш Омарбеков, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз техникалық институттар, университеттермен қосылып, бірге ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыстарымыздың нәтижесі оң болып жатса, бұл бөлікті «Қазатомөнеркәсіптің» негізгі қызметтерінің біріне қосып жасаймыз.

Ұлттық компания өкілдері жұмысшыларға қолайлы жағдай жасаумен қатар әлеуметтік жобаларға да қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағытта соңғы 3 жылда 2,5 млрд теңге жұмсалды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.