АЭС электр қуатының тапшылығын жояды
Ядролық энергетиканы дамыту арқылы бүкіл Қазақстанды электр қуатымен қамтамасыз етуге болады.
Республикалық Халықтық штаб өкілдері Қарағандыда әлеуметпен кездесті. «АЭС салу бойынша өткізілетін референдум қарсаңында мұндай шаралардың өзектілігі зор», – дейді Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов. Оның пікірінше, елде электр қуатының тапшылығы айқын сезіле бастады. Бұл өз кезегінде экономиканың қарқынын тежейді. Келешекте жаңа зауыттар мен фабрикалар салынуы тиіс. Бірақ кәсіпорындардың толыққанды жұмыс істеуіне электр энергиясының қуаты жетпейді. Сондықтан бұл жобалар жоспар күйінде қалады. Бұған қоса ескірген жылу электр стансылардың қалаларды жылумен қамтуға қауқары жетпейді. Көмір жағатын өндірістердің қоршаған ортаға залалы көп. Бауыржан Смағұлов мұны әсіресе Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларының тұрғындары басынан өткеріп жатқанын атап өтті.
Бауыржан Смағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сіздер тұратын Орталық Қазақстанда 6-7 ай бойы суық болады. Елдегі электр стансылардың 70% жуығы тозған. Көбі көмірмен жұмыс істейді және олардың 60% электр энергиясын өндіреді. Кәсіпорындардан тарайтын зиянды қалдықтар қоршаған ортаны ластайды.