Қазақстан кәсіпкерлері халықаралық көрмеге қатысып жатыр
Қытайда өтіп жатқан халықаралық қызмет көрсету және сауда көрмесінде Қазақстанның ұлттық стенді ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Халықаралық көрме 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Шараға әлемнің 85 елінен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр. Жәрмеңке 12 бағытты қамтиды. Оның ішінде қаржы қызметтері, туризм, білім және денсаулық сақтау салалары да бар. ҚР Сауда және интеграция министрі бастаған делегация сауда қызметі бойынша жаһандық саммитке де қатысып, халықаралық ынтымақтастық және әлемдік экономиканың өсу мүмкіндіктерін талқылады.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Транзиттік тасымалдар үшін қолайлы жағдай жасап, халықаралық сауда рәсімдерін жеңілдетуге жұмыс істеп жатырмыз. Мұның айқын дәлелі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің іске асуы. Бұл бастама экономикалық ынтымақтастықты арттыруға үлес қосады. Оған қоса Қазақстан цифрлық технологияларды барлық салаларға енгізіп келеді. Мұндай жаңашылдықтар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әрине, бұл бағытта әлемдік көшбасшы саналатын Қытай елімен тәжірибе алмасуға мүдделіміз.