Т. Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды
Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында денсаулық сақтау саласына бірқатар міндеттер жүктеді. Әсіресе цифрландыруға ерекше мән берді.
Биылғы жылдың соңына дейін міндетті медициналық сақтандыру қорын цифрландыруды аяқтап, келер жылдың аяғына дейін бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
Елімізде дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі енгізілді. Енді дәрі-дәрмектің елге әкелінген немесе өндірілген кезінен бастап тұтынушыға жеткенге дейін толықтай бақылауда болады. Дәрі-дәрмек сақтайтын қоймалар да назардан тыс қалмайды. Өңірге сапары кезінде Тамара Дүйсенова Түркістандағы сондай қоймалардың бірінде болып, жұмысымен танысты. Жаңа жүйе енгізілгелі бері мұнда отандық дәрі-дәрмектің 13 түрі бойынша 10 мыңнан астам қаптама қабылданған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Соның нәтижесінде Түркістан облысында 49 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Сапар аясында вице-премьер Қазығұрт ауданындағы Махамбет елді мекенінде жақында пайдалануға берілетін дәрігерлік амбулаторияны аралап көріп, тұрғындармен жүздесті.
Одан кейін Тамара Дүйсенова Қазығұрт аудандық ауруханасының жұмысымен танысты. Ауруханада былтырдан бері оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда 1 жылда 400-ден астам науқас тегін ем қабылдаған.
Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша өткен кеңесте медициналық ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру, міндетті сақтандыру жүйесінен шет қалғандармен белсенді жұмыс жүргізу жайы талқыланды. Сондай-ақ Президент өз Жолдауында медициналық көмектің бірыңғай пакетін құруды тапсырды. Ол кепілдендірілген базалық және сақтандыру бөліктерінен тұрмақ. Бұған қатысты тиісті заң әзірленіп жатыр. Сол көмектің сапасын арттыруда білікті мамандарға жүктелер міндет те жоғары. Алайда Түркістан өңірінде кадр тапшылығы байқалады.
Ардақ Амангелдиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Қажетті заңды биыл қабылдадық. Президенттің тапсырмасы бойынша жергілікті атқарушы органдар биылдан бастап қосымша жаңа мамандарды тарту үшін, оны тұратын жерімен қамтамасыз ету үшін қосымша ақша бөліп, сол мәселелерді шешіп жатыр.
Шынын айту керек, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, дамытуды қолға алды. Сауран ауданы Оранғай ауылының тұрғыны Бабыр Насиров мемлекеттен 5 млн теңге жеңілдетілген несие алып, үйінен дәнекерлеу және жиһаз шеберханасын ашты. 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бабыр Насиров, Ораңғай ауылының тұрғыны:
- Қазіргі кафелерге, жемеменшік үйлерге таптырмайтын зат. Осы жұмыспен айналысып жатырмын. Айына бір 50-60 шығарамын мынаның. Тапсырысқа қарай ғой, тапсырысқа қарай алып істеймін. Алдағы уақытта үлкейтсем деген мақсаттамын.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Бахадыр Исраилов жеңілдетілген несиеге мал бордақылау алаңын ашты. Қазір оннан аса бұқаны семіртіп, байлап отыр. Өзі кооперативке мүше.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар бүгін Қазығұрт ауданы Айнатас ауылында бас қосты. Мұнда ауыл тұрғындары өз өнімдерін көрмеге шығарып, вице-премьерге таныстырды. Арасында қоршаған ортаны пластик бөтелкелерден тазартатын жобалар да бар.
Ал Төлебилік Өміртай Ешенқұлов қураған ағаштан кәуап пісіретін көмір брикеттерін шығарып жатыр. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8,5 млн теңге несие алып, шағын цех ашқан. Енді кәсібін ұлғайтпақ ниетте. Айтуынша, экологиялық таза тауарға тапсырыс та, одан келер табыс та көп.
Өміртай Ешенқұлов, Көксәйек ауылының тұрғыны:
- Төлеби ауданы бойынша қураған ағаштың жалпы көлемін есептесек, мен 2 жылда 10%-ін бітіргенім жоқ әлі. Менің ағашымды, менің ауламды тазалап бер деп кезекте тұрғандар өте көп. Күніне 3 келіден 500 қап шығарамыз. Айына 15 мың, 20 мыңға дейін шығарамыз.
Көрмеге қатысушылар өнімді өңдеуге баса назар аударғаны байқалады. Түрлі бағыттағы кәсіп иелерінің табиғи таза өніміне сұраныс та жоғары. Бірі жартылай фабрикат, екіншісі ұлттық киімдер мен ат әбзелдерін шығарады. Арасында түйеқұс өсіріп, жұмыртқасын сата бастағандар да бар.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Жалпы елде осы «Ауыл аманатының» арасында үлкен серпіліс бар екенін көріп тұрмын. Бүгін азаматтардың бірі мал алып, оны халыққа жеткізіп жатқан болса, екіншісі наубайшылықпен, үшіншісі шағын кәсіпорындарды ашып жатыр. Әсіресе бүгін маған Қазығұрттағы өте ұнағаны, пластиктан шыққан өнімдерді қайта өңдеп, қайтадан іске қосу мәселесі өте жақсы. Бұл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жақсы бір Қазақстанның жобасы болады деп ойлаймын
Өткен жылы өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлінді. Оған 3256 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 3413 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруда кәсіпкерлердің уақытын үнемдеу мақсатында өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі іске қосылды. Мемлекет басшысы биылғы жылғы халыққа Жолдауында тауарлы кредит механизмін кеңінен іске асыру қажеттігіне мән берді. Вице-премьер Тамара Дүйсенова әкімдерді осы құралдарды тиімді пайдалануға шақырды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.