Қазақстанға тасымалданатын неміс өнімдерінің үлесі артып келеді
Дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар, кір жуғыш және өзге де техникалар мен химиялық өнімдер. Бұл – Германиядан келетін импорттың басым бөлігі.
Сондай-ақ қазір халық арасында неміс көліктері мен аяқ киімдері де кең таралған. Ал бұл тауарларды жоғары бағалайтын елдегі тұтынушылар сапасына дән риза.
Сана Қашұрбаева, қала тұрғыны:
- Неміс тауарлары – өте сапалы. Әсіресе аяқ киім мен спорттық киімдері ұнайды. Әр тауары көңілге қонымды. Басқа дүкендермен салыстыруға келмейді.
Жанна Мусинова, сатушы:
- Қол дорба, бас киім, тұрмысқа қажетті заттар. Айта берсек, дүкендегі неміс тауарларының саны көп. Тіпті балаларға арналған ойыншықтарды да саудалаймыз.
Сондай-ақ елімізде германиялықтардың ішетін асына да сұраныс бар. Елдегі мына дәмхана тұрғындарға неміс ұлтының түрлі тағамдарын ұсынады. Тіпті оның іші этникалық үлгіде безендірілген.
Светлана Хашимова, дәмхана жұмысшысы:
- Дәмханаға келетін қонақтар немістің шұжығын, брецель нанын және шницель тағамын жақсы көреді. Біздегі аспаздар Германияға барып, сонда білім алып келген. Сәйкесінше, неміс рецептісін жақсы меңгерген. Өз аспаздық біліктілігін де сонда барып арттырады.
Көп тіл білген адамның ұтары көп. Осы қағиданы ұстанған астаналық Әмірлан Серікханұлы неміс тілін жетік меңгерген. Осылайша, «неміс тілін оқыту мектебінің» негізін қалаған. Қазір мұнда онлайн білім алатындардың саны 8 мыңға жуықтайды. Ал 100-ден астам азамат оффлайн форматта оқып жүр. Олардың дені студенттер мен Германияда жұмыс істеуге бел буған азаматтар екен.
Әмірлан Серікханұлы, неміс тілін оқыту мектебінің негізін қалаушы:
- Бірінші орында бізде студенттер тұрады. Себебі Германия, Австрия елдерінде егер тек неміс тілін білсең, еркін сөйлей алсаң, сол кезде ЖОО-да оқу тегін болады. Екінші орында медицина саласында жұмыс істейтін жұмысшылар немесе инженерия саласындағы жұмысшылар. Себебі Германияда осы екі сала өте жоғары деңгейде дамыған.
Биыл Қазақстан мен Германияның дипломатиялық қатынас орнатқанына 32 жыл толып отыр. Осы уақыт бедерінде екі елдің жан-жақты ынтымақтастығы арта түскен. Қазір елімізде неміс капиталы бар мыңнан астам компания жұмыс істейді. Ал неміс тауарлары халықтың сүйікті өнімдерінің біріне айналды.
Авторлары: Альмира Оразбай, Абдулхамит Бөлекбаев