«ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 1,3 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр
Батыс елдері Орталық Азиямен байланысын күшейтуде белсенді.
Германия арада жыл өтпей жатып, аймақтағы бестікпен бір үстел басына қайта жайғасуға ниетті. Сала сарапшылары тіпті Қазақстан Германияның Норвегия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші ірі мұнай жеткізушісіне айналуы мүмкін деп болжап отыр.
Германия канцлері Олаф Шольц. Кезінде 16 жыл Германия үкіметін басқарған Меркельдің орнын басқан сақа саясаткер. Кеше Мирзеевтің шақыртуымен Өзбекстанға сапарлап барды, бүгін түс ауа Шольцтің әуе кемесі Астанаға қонды. Орталық Азия елдері Германия канцлеріне әбден таныс. Алмания Үкіметбасының бұл сапарынан Қазақстан мен Өзбекстан ғана емес, күллі Орталық Азия елдері алақанын ысқылап отыр десек те болады.
Еуропалық одақ тарапынан Ресейге салынған санкциялар салқыны Германия мен теріскейдегі көршіміздің мұнай-газ тасымалының тоқтауына алып келді. 80 миллионнан астам қарашаны өндіріс пен өңдеу арқылы асырап отырған ел үшін керегі не алдымен? Әрине, шикізат. Газ нарығында оны АҚШ пен Қатар алмастырса, мұнайдағы бос кеңістікті толтыруға Қазақстан мен Әзербайжан таптырмас мүмкіндік. Иә, іздегенге – сұраған. Германия да, біз де бұл мүмкіндікті уақытылы пайдалана бастадық. Биыл «ҚазТрансОйл» Германияға «Дружба» арқылы 1,3 миллион тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр. Ресми Берлин: «Бұл сандарды кемінде 2 миллион тоннаға жеткізейік», – дейді.
Томас Хельм, Eurasian Management Solutions компаниясының негізін қалаушы:
- Әлемде болып жатқан геосаяси ахуалдың ушығуы мен Еуропадағы энергетикалық дағдарыс кезінде Қазақстан Германияның сенімді серіктесі екенін көрсетті. Әсіресе мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық артты. Бұл екіжақты әріптестікті жаңа деңгейге шығарды. Тараптар арасында көптеген кездесулер болып, келісімдер жасалды. Жақсы идеялар айтылды. Қазір соларды жүзеге асыратын уақыт келді.
Былтыр Тоқаевтың Германияға ресми сапары барысында тараптар энергетика, мұнай-газ, жасыл экономика, қала берді инвестиция саласындағы серіктестікті нығайтуға уағдаласқан. Шольцтің Орталық Азия елдерімен бір үстел басына жыл өтпей жайғасуы жоғарыда айтылған келісімдердің одан әрі беки түсетінін айғақтайды.