Германия кәсіпкерлері елге $6,3 млрд қаржы құяды

akorda.kz

Неміс инвесторлары Қытаймен шекарадағы Қорғас бекетіне әуежай салады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл тауар жеткізуді жеделдетіп, Орта дәліздің дамуына серпіліс бермек. Одан бөлек, Германия компаниялары отандық кәсіпорындарға машина жасау сырымен бөлісуді жоспарлап отыр. Бүгін екі елдің кәсіпкерлері кездесіп, құны 6,3 млрд долларға жететін құжаттарға қол қойды.

Жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федаративтік Республикасының канцлері Олаф Шольц қатысты. Қазақ басшысы келісімдер мен бірлескен бастамалар екі елдің ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді. Келелі кеңестің қорытындысы қандай? Немістер елде қандай зауыт ашпақшы?

Бұл – қазақ пен немістің қалталы кәсіпкерлері. 500-ден аса компания өкілдері жиналған бизнес форумда игілігін жеті ұрпақ көретін ірі жобалар талқыланды. Шараға қатысу үшін әлемге әйгілі 13 трансұлттық компанияның бірінші басшысы кәрі құрлықтан арнайы келген. Ауқымды әрі салмақты жиынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ол жетекші компанияларының Қазақстанға келуі екі елдің де экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін көрсететінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Неміс тауарлары жоғары сапасымен әлемге танымал. Сол үшін Германияның Орталық Азиядағы ірі сауда әрі инвестициялық серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Біз жалпы құны 55 миллиард доллар болатын 66 бірлескен инвестициялық жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Германия кәсіпорындары елімізге көбірек келіп, «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» деген ортақ бренд аясында жергілікті өндірісті жолға қояды деп үміттенеміз.

Расымен, 30 жылда елге 6,6 млрд доллар инвестиция тартылған. Бұл байланыс соңғы 3 жылда қарқын алды. Қазір елде 750 неміс компаниясы жұмыс істейді. Мәселен, Wilo кәсіпорны неміс тауарын Қазақстанда өндіріп жатыр. Біздің нарықта 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тауарды Қазақстаннан тыс Орталық Азия елдеріне де сатады. Енді кәсіпорын көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Йенс Даллендоерфер,Wilo аға вице-президенті:

- Зауыт салып, инвестиция тарттық. Біз енді келесі қадамды жоспарлап отырмыз. Күллі Орталық Азияға ортақ үлкен платформаны осы жерді құрсақ дейміз. Біз дамуға дайынбыз. Аймақтағы тұтынушыларымызға тауарды жылдам жеткізу маңызды. Сол үшін оны осы жерде өндіру керек. Тұтынушылар неміс технологиясын талап етеді. Сол үшін Қазақстанда өндіре отырып, сапаны қатаң бақылауда ұстаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңғырған экономикасы ғылым мен инновацияға негізделетінін айтты. Осы бағытта түрлі реформа жүргізіп, ең жоғары әлемдік стандарттарға сай болуға бейілді екенімізді жеткізді. Негізгі ұстаным – әділ бәсекелестік, еркін кәсіпкерлік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына тоқталсақ. Біріншіден, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу. Біздің минералды-шикізат қорымызда әлі барланбаған 5 мыңнан астам кен орны бар. Бұл кеніштердің құны триллиондаған долларға бағаланады. Қазір екіжақты уағдаластық бар. Біз бұл бастаманың таяу арада нақты іске асуын асыға күтіп отырмыз.

 

Литий өңдеу зауыты салынады

Неміс тарапы өндіріс ғана емес өңдеу ісін де бірлесе атқаруға ниетті. Президент Шығыс Қазақстанда литий элементін қайта өңдейтін зауыт салу үшін барлау жұмыстарын жүргізу туралы жоспарды құптады. 500 миллион доллар инвестиция салынатын жоба мол мүкіндіктер ұсынады. Серіктестікке серпіліс беретін келесі бағыт – баламалы энергия. Неміс компаниялары да мұны біледі және әлеуеті мол елмен уағдаласқысы келеді.

 

Маңғыстауда жасыл сутегі кәсіпорны бой көтереді

Алдағы жылдары жасыл сутегі мұнайды айырбастауы мүмкін. Германиялық компаниялар дәл осы бағытқа қыруар қаржы бөлуге дайын. Күннен және желден қуат алатын ірі жобаның бірі Маңғыстау облысында болады. Құрық ауылында салынуы мүмкін зауыттың жобасы осындай. Ең қызығы, неміс компаниясы зауыт айналасындағы 5 кластерге ерекше атау берген. Ұлы ойшыл Абай Құнанбаев насихаттаған 5 қасиетті таңдапты.

Зауыттың құрылысы 2027 жылы басталады. Алғашқы өнімді 2030 жылға қарай алуды жоспарлап отыр. Компания теңіз жағасындағы кәсіпорынға барлық инфрақұрылымды өздері тартуға дайын.

 

Қорғас бекетінде әуежай салынады

Маңызды жобаның бірі транспорт саласында болды. Скай Хансе компаниясы Қытаймен шекарадағы Қорғаста әуежай салмақшы. Барлық шығынды өздері көтеруге дайын. Бұл тауар тасымалын жеделдетіп, Орта дәлізді дамытуға сеп бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Орта дәліз» қазіргі кезде Еуропа бағытындағы ең қысқа әрі сенімді бағдар саналады. Аталған күрежол арқылы жылына 10 миллион тоннаға дейін жүк жеткізуге болады. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-саттықты одан әрі жандандыра түсу үшін «Орта дәлізді» Трансеуропа көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһан қақпасы» бастамасымен ұштастыруды ұсынамын.

 

Германия кәсіпкерлері елге $6,3 млрд  құяды

Мемлекет басшысы Германиямен фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің келешегі зор деп санайды. Ауыл шаруашылығын дамытуға да мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп жатыр. Біздің тарап Германияға тек шикізат емес, өңделген ауыл шаруашылығы тауарларын да жеткізе алады.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Біз соңғы жылдарда балықтың қайта өңделген консерві, филе жағынан экспортты көбейтеміз. Техникалық кедергілерді жою үшін жол картасына қол қоямыз. Бұл экспорт жағынан көп көмектеседі. Тауарлар экспортқа барған кезде сертификаттау сәйкес келетініне жеңілдетеді. Қайтадан тексеріс жасау үшін зерттеу жағынан осы жол картасы нақты шаралар көрсетеді.

Германия әлемге классикалық көліктерімен танымал. Машина жасау саласының қыр-сырын терең меңгерген. Енді осы тәжірибесін бізбен бөліседі. Солтүстік Қазақстан облысында «Класс» компаниясы кәсіпорын көкжиегін кеңейтіп, арнайы құрылғыларды қоса өндіруді жоспарлап отыр. Неміс тарапынан тек қаржы емес, технологияны да алуды мамандар жоғары бағалайды.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:

- Германиядан келетін инвестициялардың екі ерекшілігі бар. Біріншіден, инвестициялардың 90%-і шикізат емес, нақты өңдеу өнеркәсібіне, яғни тауар шығаруға бағытталған. Бұл үлкен жетістік деп есептейміз. Екіншіден, Германия тарапы өз технологиясын басқа мемлекеттермен бөлісуге өте мұқият қарайды. Бірақ бізге осы технологияларды беруге келісіп отыр. Басқа мемлекеттер қаражат арқылы салады, ал Германия қаражатпен бірге технологиямен де бөліседі.

Қасым Жомарт Тоқаев жасанды интелект, ақпараттық технология саласындағы серіктестікке де шақырды. Инвесторларға жан-жақты қолдау болатынын айтты. Бұл жағынан «Астана» халықаралық қаржы орталығы көмектесе алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің орталық инвестиция тарту үшін салық, виза және еңбек саясаты жағынан бұрын-сонды болмаған қолайлы шарттар мен жеңілдіктер ұсынады. Әр инвесторға жеке қолдау көрсетіледі. Британия заңнамасына негізделген әділ сот жүйесі жұмыс істеп тұр. «Астана» халықаралық қаржы орталығында 80 елден 3 мыңға жуық компания тіркелген. Соның 20 компаниясы – германиялық. Олардың саны жуық арада тағы да өседі деп үміттенеміз.

Әдеттегідей «Самұрық-Қазына» да маңызды келісімге қол қойды. Нақты айтсақ, тағы бір неміс зауыты Түркістан облысында салынады. Ақылды есептегіш құрал өндіреді. Өнім Қазатомпром компаниясының жұмыс тиімділігін арттырады. Сондай-ақ екі ел бірлесіп, оқу орнын салады. Ең қызығы, түлектер қос мемлекеттің де дипломымен шығады.

Бұл – ел экономикасындағы айтулы күннің бірі. Президент өз сөзінде кездесу айтарлықтай нәтиже беріп, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыс тереңдей түсетініне сенім білдірген. Сенімге селкеу түспеді. 35 құжатқа қол қойылып, құны 6,3 млрд доллар инвестиция тартылады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Ділмұрат Сейдаханов.