Жыл соңына дейін 27 жатақхана құрылысы аяқталады

Биылғы нарық 450 трлн теңгеге дейін өседі.

Мұны айтып отырған біз емес. «Астана» халықаралық қаржы орталығының сарапшылары коммерциялық жылжымайтын мүліктің инвестициялық тартымдылығына көз жеткізген. Яғни кейінгі 10 жылда тұрақты өсім бар екен.

Коммерциялық мүлікке сұраныс көп

2023 жылы Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығының ЖІӨ-ге қатынасы 3,44 пайыз. Ұлттық статистика бюросы жылжымайтын мүлікке қатысты операциялардың негізгі капиталына салынған инвестициялар 3,2 трлн теңгеге жеткенін хабарлайды. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. «Астана» халықаралық қаржы орталығының сарапшыларының болжамынша елдегі жылжымайтын мүлік нарығы 2028 жылға дейін 584 трлн теңгеге жетеді. Ұсыныс пен жалдау бойынша Астана мен Алматы қалалары көш бастап тұр. Әсіресе, сауда-ойын-сауық орталықтары, қоймаларға сұраныс көп. Тіпті, тапшылық туындауда. Себебі логистика дамып жатыр. Қазір қаржы орталығында жылжымайтын мүлік секторы бойынша 37 компания мен 4 REIT қоры тіркелген.

Данияр Келбетов, АХҚО әкімшілігінің өнімдерді дамыту бойынша басқарушы директоры – басқарма мүшесі:
«Қазақстандағы қолайлы жергілікті жағдайлар жылжымайтын мүлік нарығының қалыптасуына ықпал етеді. Бұдан басқа, шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған мемлекеттік саясат жылжымайтын мүлік нарығын ынталандыруда маңызды рөл атқарды. Экономикалық өсуді қоса алғанда, негізгі макроэкономикалық факторлар да Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығының өсуіне ықпал етті».

Жыл соңына дейін 27 жатақхана құрылысы аяқталады

7 айда елімізде 20 жатақхана пайдалануға беріліпті. Оның жалпы сомасы 10 млрд теңгеден асады. Бұл былтырғыдан 23 пайызға көп. Дегенмен, нысандардың 8-і ғана студенттерге жасақталған. 10 жатақханада жұмысшылар мен мигранттар тұрады. Бір нысан баспанаға мұқтаж отбасылардың уақытша мекеніне айналды. Қалған тұрақжайларда мектеп-интернат оқушылары жайғасты. Салынған жатақханалардың басым бөлігі Ақмола, Атырау облыстары мен Шымкент қаласында шоғырланған. Мамандар биыл құрылыс құны біраз өскенін жеткізді. Бұған материалдардың қымбаттауы әсер еткен. Десе де, жатақханалардың аумағы кеңейген. Бас-аяғы 42 мың шаршы метр. Жыл соңына дейін тағы 11 мың орындық 27 жатақхана құрылысы аяқталу керек. Тапшылық әлі де бар. Мәселені реттеу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің мемлекеттік тапсырыс бойынша Астана мен Алматыдағы хостелдер мен қонақ үйлерде тұру шығындарын жылына бір орын үшін 340 мыңнан 672 мың теңгеге дейін арттыру ниетін білдірді.

«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына құжат қабылдау жалғасады

Отбасы банк «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының шарттарын бір жүйеге келтірмек. Енді «Отауға» қатысушыларға салымды жинақтау мерзіміне байланысты шарт қойылмайды, яғни депозитті қатысуға өтінім бергенге дейін де ашуға болады. Несиенің максималды сомасы да ұлғайтылған. Осылайша Астана, Алматы қалаларында 36 млн теңге және басқа өңірлерде 30 млн теңгеге баспаналы болуға мүмкіндік бар. Бұл шаһарларда тіркелу туралы талап алынып тасталды. Әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға сыйақы мөлшерлемесі 7%-ға дейін төмендетілді. Қос бағдарлама бойынша ұпай есебі бірдей жүргізіледі.

Бүгінге дейін «Наурыз» бағдарламасымен қоныс тойын тойлаған отбасылар саны 1 900-ден асты. «Отау» бағдарламасымен 1 734 адам несие алды. 5 000-ға жуығы болашақ баспанасын алуға қарыз рәсімдеп жатыр. Бұл үшін 560 тұрғын үй кешені ұсынылады. Ондағы 9 000-нан аса пәтердің кез келгенін брондауға болады. Айтпақшы, Отбасы банктің тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға әлі де мүмкіндік бар. Қосымша қабылдау 25 қыркүйекке дейін созылды. Оған «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың негізгі тізіміне енбей қалған үміткерлер де өтінімін бере алады. Дайын жүріңіз, келесі жылы әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы іске қосылады.

Тұрғын үй саясаты реформаланады

Баспана мәселесі өзекті. Осы ретте Сенат депутаттары тұрғын үй саясатын реформалау бойынша жаңа заң жобасын қарап жатыр. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру бөлігіне түзетулер енгізілмек.

Әзімбек Пазылбекұлы, Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті  төрағасының орынбасары:
«Бұл заң қабылданғаннан кейін барлық арендалық, сатып алу құқығынсыз алынған арендалық үйлер азаматтардың жекеменшігіне өткізуге құқықтары болады. Ал шамасы келмей, ол арендада тұра беретін азаматтарға да ондай шектеу жоқ. Сатып алу болмаса сатып алмай сонда тұра беру де өздерінің құқында болады. Бұл мәселе қазір Сенатта қаралуда».

Отбасы банктегі сыйлық ақыны алу үшін жинақтағы ақшаңыз 200 АЕК-тен асу керек. Биыл бұл шамамен 738 400 теңге. Ең жоғарғы төлем 147 680 теңге болады. Оны алу үшін әр салымшы 31 желтоқсанға дейін қажетті соманы толтырып үлгеруі керек. Бұл жаңа клиенттерге де қолжетімді.