Қазақстан мен Германия 6,1 млрд долларға келісім жасады
Германияның Федералды канцлері Олаф Шольцтың елімізге жасаған сапары бірқатар саладағы байланысты нығайта түсті, деп хабарлайды 24kz.
Құны 6 млрд доллардан асатын келісім жасалды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы назарда. Серіктестік аясы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, құзырлы министрліктер және бизнес өкілдерінің неміс әріптестерімен өткізген дөңгелек үстелде талқыланды.
Германия канцлерінің елімізге ресми сапары аясында жасыл сутегі, өзге де салалар бағытында стратегиялық серіктестік бойынша келісім жасалды. Жалпы құны 6,1 млрд доллардан асатын 30-дан аса құжатқа қол қойылды. Келісімнің 3 млрд-ы «Бәйтерек» ұлттық компаниясы тарапынан жасалған.
Рустам Карағойшин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы:
- Үш құрылымда бұл аграрлық секторға өте маңызды көңіл бөлініп отыр. Өздеріңіз білесіздер, неміс елінің экономикасы, технология, дамуы өте биік.
Қазақ-неміс қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қатысқан дөңгелек үстел нәтижесі осыған дәлел.
Сардор Колмахмедов, Structured Trade & Export Finance department директоры:
- Helaba неміс банкі Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық жобаларды қаржыландырып келеді. Қазақстан әсіресе, шикізаттық емес өнімдерді экспорттауға көңіл бөледі. Яғни, қайта өңдеуге ден қойылады. Біз Қазақстанның өнімдерін Орталық Азия, тіпті Еуропаға шығаруға қолдау білдіреміз.
Енді ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып, егістік кешендері мен топырақты өңдеуге мүмкіндік туады. Бұған шаруалар дән риза.
Бахтияр Оспанов, «Қазақстанның астық консорциумы» жшс бас директоры:
- Біздің салада жақсы техниканы қолдану өте маңызды. Бүгін ұлттық компаниялардың арқасында келісім жасадық. Заманауи үлгідегі комбайндарды сатып аламыз. Осылайша, жұмысымыз нығайып, өнімділік арта түседі.
Тың жобалар заманауи технологияларды енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал «Бәйтерек» холдингі ел экономикасын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Наурызбай Құрманғазы