600 мың адам несиеден өз еркімен бас тартты

Несиеден бас тарту мүмкін бе?

Біздің елде банктен қарыз алудан өз еркімен бас тартып жатқан адамдар бар. Мысалы бүгінге дейін 600 мың қазақстандық «Стоп кредит» қызметін пайдаланып, өзіне 6 айға дейін несие алуға шектеу қойған.

Иә, енді осы шектеу мерзімін ұзарта түсуге мүмкіндік жасалыпты.

Кешіктірілген қарыз үлесі артты

Елімізде мерзімі өткен қарыз үлесі артты. Бір жылда қазақстандықтардың микроқаржы ұйымдарына кешіктірілген төлемі 113,5 млрд теңгеден 206,9 млрд теңгеге өскен. Оның ішінде 1-2 ай бойы төленбеген берешек көп. 63 млрд теңге. 90 күннен асқан төлем үлесі 110 млрд теңгеге жуықтады. Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, бұл нарыққа әдетте банктің қара тізіміне енген, төлем қабілеті төмен азаматтар жүгінеді. Микроқаржылық ұйымдардың несие портфелі, яғни негізгі қарызы жылдың екінші тоқсанында 1,3 трлн теңгеден асты. Бұл 5 жарым пайызға көп. Қазір елде 221 микроқаржы ұйымы бар. Ал қарыздың 75 пайызын осылардың ірілері берген. Олар бизнесті несиелендіру, авто несие, сондай-ақ жалақыға дейін микро қарыз беруге машықтанған.

Коллекторлық ұйымдарға жаңа талап

Халықтың қарызға батуы мемлекет үшін де тиімді емес. Осы проблемалық қарызды азайту үшін несие алушыларға қолайлы кесте ұсыну қолға алынды. 1 қазаннан бастап коллекторлық ұйымдар қарыз алушымен берешек шарттарын реттеуге міндеттеледі. Ал 2026 жылдың 1 мамырынан коллекторлар сыйақыны борыш сомасынан шығаруға тиіс. Жаңа ережеге сай агенттік қарыз алушыға міндеттемелерін орындау талаптарын өзгерте алатыны туралы хабарлайды. Ал борышкер қарызды кейінге қалдыру, төлем мерзімін өзгерту, комиссиялардың күшін жою бойынша ұсыныс айта алады. Басты шарт – коллекторлық ұйым нақты шешімді 15 күнде шығару керек. Мұндағы мақсат – істі сотқа дейін жеткізбеу, азаматқа қарызынан құтылуға мүмкіндік беру.

Гүлмира Мыхаева, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің басқарма басшысы:
- Өтініште берешектің себептері және оны реттеу нұсқалары, оның ішінде берешекті толық не ішінара кешіру, айыпақының, комиссиялардың күшін жою көрсетіледі. Міндетті түрде жүгіну себептерін растайтын құжаттар қоса берілу керек.

Stop credit қызметін 600 мың адам пайдаланды

Қазақстандықтар банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан шексіз мерзімге дейін өз еркімен бас тарта алады. Сондай-ақ, пайдаланушы белгіленген шектеулерді кез келген уақытта алып тастауға құқылы. Бұл қызмет электронды үкімет порталында қолжетімді. Оны пайдалану үшін «Кеден және салықтар» бөліміне өту керек. Бұдан соң «Экономика және қаржы» бөліміндегі «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз. Деректеріңізді қалдырғаннан кейін, электронды цифрлық қолтаңбаңызбен өтінімге қол қою керек. Бұл шектеулерді алып тастау үшін «Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?» деген сұраққа «Иә» деп жауап беріп, тиісті өтінімді жолдау жеткілікті. Жалпы бұған дейін шектеу 6 айға белгіленетін, одан кейін автоматты түрде алынып қалатын. Қызмет енгізілгелі, 600 мың адам банктік несиеден өз еркімен бас тартты.

Банк секторының тұрақтылығы бәсеңдеді

Сарапшылар банк секторының тұрақтылығына күмән келтіреді. Әсіресе биыл ішкі және жаһандық экономикалық қиындықтар салаға соққы болды. Шілдеде активтер өскенімен, өнімділік төмендеген. Ал кредиттік тәуекелдер жағдайды тіпті қиындатты.

Бұл туралы economy.kz порталының сарапшысы Сұлтан Уәлиханов мәлімдеді. Оның сөзінше, активтердің кірістілігі бір жыл бұрынғы 4,6%-дан 4,5%-ға дейін төмендеді, ал капиталдың кірістілігі 37,5%-дан 33,2%-ға дейін төмендеді.

Демек банктердің ресурстарды пайдалану тиімділігі төмендеген. Дегенмен, қаржы ұйымдарының жеке капиталы 3,7%-ға ұлғайып, 7,8 трлн теңгеге жетті. Тәуекелдерді жабу үшін жеткілікті капитал қорын сақтауға мүмкіндік беретін пайда жинап жатыр. Ал бөлінген несие көлемі 30 трлн теңгеден асқан. Бұл бір жылғыдан 1,5 пайызға көп. Негізгі қарыздың 3 пайыздан астамы мерзімінен кешіктіріліп жатыр. Парламентаризм институтының норма шығару мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Алмас Қанатов банк туралы заңдағы осындай мәселелерді ескеру қажеттігін атап өтті.

Алмас Қанатов, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының норма шығару мәселелері жөніндегі атқарушы директоры:
- Біздегі банк туралы заңға 30 жылдай болып қалды.
Ондағы біраз нормалардың ескіргенін байқаймыз. Әсіресе цифрландыру қарқын алған заманда құжатты жаңарту қажет. Алдымен лицензиялауды қайта қарау керек. Оны жеңілдетіп, бірақ талабын қатаңдату керек. Исламдық қаржыландыру жетілдірілуі мүмкін. Бұл заңды жан-жақты талқылау қажет.