Оңтүстік өңірде бидай бағасының құлдырауы сезілді
Биыл еліміздің оңтүстік өңірінде бидай бағасының құлдырауы сезілді, деп хабарлайды 24KZ.
Ал мол өнім жинаған шаруалар: «Оны арзанға сатсақ, шығын ақталмайды», – деп налып отыр. Қойма толған өнім өтпесе, күзгі егіс науқанына да кері әсер ететіні анық.
Биыл Нұрғали Айтбайдың 500 гектар бидай алқабынан мың тонна астық жиналды. Бірақ ала жаздай еткен еңбегі еш кеткелі тұр. Өйткені өнімнің өзіндік құнынан нарықтағы баға арзандап кеткен. Айтуынша, бастапқыда келісі 70 теңгеге бағаланса, бүгінде 57 теңгеге бір-ақ құлдыраған. Сондықтан 2 ай бұрын қамбаға жиналған өнім сатылар емес.
Күтімі жақсы алқаптың өнімі де жаман болмады. Соның арқасында әр гектарына 20 центнерден астық жиналды. Бірақ биыл құлдыраған баға жұмсалған шығынның жартысын да жабуға жетпейтінін айтады шаруалар.
Нұрғали Айтбай, шаруа:
- Көрші мемлекеттерден, Ресейден, мысалыға, вогонмен, машинамен де келіп, осы 50-55 теңгеден әкеліп, барлық бидай қажет мекемелерге төгіп тастады. Ал біз ұсынған бағасына сататын болсақ, бидай еге алмай қаламыз. Өз-өзін жаппайды ол бағамен. Көкшетауда құрастырылған комбайн алдық. Ертең жылдың аяғында 10% құюымыз керек. Оны құятын ақшамыз жоқ. Қалай қыларымызды білмей отырмыз.
Өңірдегі 800-ге тарта шарасыз шаруаның өтініші жергілікті билікке жеткізілді. Қауымдастық өкілдері Үкіметке де хат жазып, көмек сұрағанын айтады. «Бірақ әлі нақты жауап болмады», – дейді.
Мұхтар Бимат, «Арпа-бидай ас екен» қауымдастығының басшысы:
- Біз талаптарымызды осы облысқа, ҚР Ауыл шаруашылығы министріне жаздық. Бізден осы продкорпорациялар ең болмаса 200 мың тонна сатып алса, өзімізде қалғанын өз нарығымызға да сататын едік. Бірінші осы бидайымызды мемлекет алу жағын қарастырса.
Ал биыл Шымкент қаласы бойынша 11 мың гектарға жуық алқапқа дән себілді. Күн райы қарасып, қамбаға 15 центнерден өнім жиналды. Алайда мұндағы шаруалар да өнімді өткізе алмай әлек. Жергілікті билік өкілдері: «Нарық белгілеп, берген бағаға ықпал ете алмаймыз», – деп отыр.
Жәнібек Тоғаев, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Продкорпорация қазан айының басында немесе ортасында сатып алатын бағасын бекіткен соң біздің шаруалардың қолында ұстап отырған бидайының бағасы да жоғары қарай жылжиды деген үмітпен отырмыз. Шаруаларға да солай түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Алдағы онкүндікте күздік бидай себелуі керек. Алайда өнімін өткізе алмаған шаруаларда әзірге жер жырту жұмыстары мен оны егуге қаражат қолбайлау болғалы тұр. Ал салаға жауапты министрліктің мәлімдеуінше, өндіріс пен ұн тартуға және құс шаруашылығына ғана импорттық бидайға тыйым жоқ. Тек ішкі нарықта ғана сатуға шектеу қойылған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.