Күзгі дала жұмыстары: 7,4 мың гектар алқап орылды
Ала жаздай еңбек еткен егіншілер жиған өнімін арзанға сатқысы жоқ. Ал сыртқы нарықтан келген астық бағасы айтарлықтай төмен.
Кей өңірде биыл жауын-шашын да мол болды. Дегенмен мемелкеттік қолдау бар. Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай, сұйытылған газ беріліп жатыр.
Кеше вице-премьер Серік Жұманғарин салаға жауапты мамандармен бірігіп, жиын өткізді. Онда орым-терім мәселесі сөз болды. Егін ору жайы талқыланды. Айтуларынша, қазір жалпы егін алқабының 44%-і орылған екен. Қалған астықты да шашау шығармай, қамбаларға құю ісі қарқынды жүріп жатыр. Вице-премьер әкімдіктер мен министрліктерге шаруаларға қолдау көрсету керек екенін ескертті. Оның ішінде элеваторлардың жұмысын іргерлетуге, жанар-жағармай тапшылығын болдырмауға пәрмен берді.
Егіннің 44% орылды
7500 гектарға жуық алқапқа орақ түсті. Бұл жалпы егіннің 44% тең. Ала жаздай бел жазбай еңбек еткен егіншілер әр гектардан 14,6 центнер өнім жинады. Бас-аяғы 11 млн тоннаға жуық астық бастырылды. Ал элеваторларға түскен астықтың көлемі 1,5 млн тоннадан асты. Бұл жайлы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен күзгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штабтың отырысында айтылды.
Күзгі дала жұмыстары
Сондай-ақ жиналған астықты кептіру ісі де күн тәртібінде қаралды. Вице-премьер элеваторларға қажетті сұйық отынды жеткізуді жүйелі ұйымдастыру керек екенін ескертті. Қазір Энергетика министрлігі науқан аясында 5500 тонна сұйытылған газ бөлген болса, қалған 14 мың тоннасы өндірушілерден сатып аланады. Сондай-ақ астықты аймақтарға 209 тоннадан астам дизель жеткізілген.
Астық экспорты артып келеді
Астық экспорты 2,5 есе артқан. Қыркүйек айының өзінде 132 мың тонна өнім шекара асқан. Ал бас-аяғы 8 айда 2,5 млн тонна астық сыртқы елдерге сатылған. Олардың дені Орталық Азия мемлекеттеріне жөнелтілген. Мәселен, Өзбекстанға 1,8 млн, Тәжікстанға 600 мың, Түрікменстан мен Қырғызстанға 100 тонна астық жіберілген. Сондай-ақ салада Қазақстан мен Қытай қатынасы қарқын алған. Шығыстағы көршілерімізге жыл басынан бері 1,1 млн тонна астық экспортталған. Өзге де өнімдер көптеп сатылып жатыр.
Самат Қыдырмолда, Қазақстан фермерлер қауымдастығы ШҚО басқарма төрағасы:
- Шығыс Қазақстан республикада майлы дақылдар, шекілдеуік күнбағыс өндіруден І орын ғой. Соның ішінде күнбағыс майын Қытайға экспорттау жолға қойылды деп айтуға болады. Бұрын теміржол байланысы болса, қазір Қытайдан тікелей автокөліктермен, өзі арнайы жабдықталған ыдыстармен, фуралармен Қытайға тасу жолға қойылып жатыр.
Бауыржан Орынбасаров, «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарушы директоры:
- Қыркүйек айында 12 күннің ішінде Орталық Азия елдеріне 132 мың тонна жөнелтілді, бұл 2023 жылғы қыркүйектегі көрсеткіштен 2,5 есе көп. Айдың соңына дейін астықты жөнелту көлемі шамамен 250 мың тоннаны құрайды.
Экспортталатын астықты 12 мың тасымалдаушы жеткізеді
Жалпы жиылған астықты шекара асыруға 12 мыңға жуық тасымалдаушы жұмылдырылады. Мәселен, аптаның аяғынан бастап 6 мың вагон Қара және Балтық теңіздерінің портына бағытталған өнімді тасымалдайды. Дегенмен салада ілкімді істермен қатар іркілістер бар. Жыл санап өнімге сұрыныс артып, экспорт көлемі көбейіп келеді. Сол себепті алда тасымалдау көліктерінің тапшылығы байқалуы мүмкін. Фермерлер қауымдастығының өкілі осылай дейді.
Самат Қыдырмолда, Қазақстан фермерлер қауымдастығы ШҚО басқарма төрағасы:
- Өте жоғары деңгейде жолға қойылды деп айтуға болмайды. Қауқарсыз, мүлде дәрменсіз деп те айтуға болмайды. Бірақ дегенмен де осы салада біраз реформа жөнінде нақты комплекс түрінде қарастырып, жан-жақты есептеп, нақты логистиканы жолға қоймасақ, біздің ауылшаруашылық саласында өнімді сатуда бірталай көп қиыншылық болады.