35 жасқа дейінгі жастардың 3%-ы жұмыссыз

Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша, былтыр әлемдегі әр 5-ші жас мамандық игермеген және еңбекке араласпаған.

Бұл алаңдарлық көрсеткіш дейді сарапшылар.

Елдегі 350 мыңға жуық жас NEET санатында. Көрсеткіш сәл төмендегенімен, ахуал түзелмеген. Себебі жұмыссыздық белең алып тұр.

Елде 35 жасқа дейінгі азаматтардың 3 пайыздан астамы тұрақты жұмысқа мұқтаж.

NEET санатындағы жастардың үлесі 6,5%-ға жетті

Халықаралық еңбек ұйымының зерттеуіне сүйенсек, Орталық Азиядағы NEET жастардың үлесі 18 пайыздан асқан. Сарапшылар біздегі жағдайдың 2001 жылы күрделі болғанын айтады. Қазіргі ахуал біраз түзелген. Жыл басынан бері NEET санатындағы жастардың үлесі 6,5 пайызға жуықтапты. Ал былтыр 7 пайыздан асқан еді. Жалпы білім алмай, жұмыс істемей жүре беру – жастардың таңдауы болмауы да мүмкін. Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары экономикасы төмен мемлекеттерде NEET жастардың көбейгенін айтады. Мысалы кірісі жоғары елдерде 10 пайыз болса, Африканың ең кедей аймақтарында 30 пайыздан асады. Ал Еуропадағы NEET жастардың үлесі 10 пайызға да жетпейді. Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарёвтің пайымынша, біздегі көрсеткішке өңірлердегі жұмыс орындарының аздығы себеп.

Андрей Чеботарёв, тәуелсіз қаржылық сарапшы:
«Қазақстандағы ресми жұмыссыздық көрсеткіші бірнеше жылдан бері айтарлықтай өзгерген жоқ. Шамамен 4,7%. Десе де, туу деңгейі мен жас азаматтардың үлесі арта береді. Демек, оларға лайықты жұмыс орындарын қамдау маңызды. Жастар – ел экономикасын дамытатын күш. Екінші жағынан олардың да сұрауы бар.

35 жасқа дейінгі жастардың 3%-ы жұмыссыз

Ал ұлттық статистика бюросы 15 және одан жоғары жастағы азаматтарды жұмыспен қамту 65%-ға жуықтағанын айтады. Жылдың екінші тоқсанында жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 9 млн-нан асты. Бұл былтырғыдан 75 мыңға артық. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 50 мың адамға өскен. Мамандар еңбек нарығындағы ахуал тұрақталғанын жеткізді. Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі сауда, білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында істейді. Қазір 35 жасқа дейінгілердің 3,2%-ы бос жүр. Десе де, бұл көрсеткіш жалпы жұмыссыздық деңгейінен төмен. Енді сарапшылар экономиканың одан әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін еңбек нарығындағы жағдайды реттеп, әсіресе жастар арасында жұмыссыздықты азайту бойынша белсенді шаралар қабылдау маңызды дейді. Қазір еңбек биржасында 220 мыңнан аса бос жұмыс орны бар. Жұмыс іздеушілер саны 280 мыңға жуықтады.

Әйгерім Мырзалы, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарма басшысы:
- Жұмыс іздеуші кез келген уақытта өзінің түйіндемесін жариялай алады. Жұмыс беруші бос орнын жариялап, интернетте онлайн режимде бір-бірін таба алады. Бос жұмыс орындары порталда бір ай көлемінде ашық болады.

Сыртқы көші-қон ұлғайып барады

Әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова «әл-ауқат» және «табыс» ұғымының басымдыққа ие бола бастағанын айтады. Өкінішке қарай, ақшаны маңдай термен емес, оңай жолмен табуға ұмтылатындар көп. Тіпті алаяқтықтан тайынбайды. Десе де, зерттеушілер «кәсібилік» пен «білім» және «әлеуметтік бедел» санаттарының маңыздылығы артқанына көз жеткізген. Яғни ұрпақтар алмасқан сайын, талғам да өзгереді. Алайда мұндай тенденция миграцияға ықпал етеді. Әсіресе сыртқы көші-қон жылдан-жылға ұлғайып жатыр. Бұл біріншіден еңбек нарығында және әлеуметтік салада ішкі шиеленісті төмендетуде оң әсер етеді. Екінші жағынан – ұлттың адами капиталына, экономикалық өсуге ұзақ мерзімді сынақ дейді сарапшылар. Елден көшіп кеткен азаматтардың 38% жоғары және 34% орта кәсіби білімді мамандар.