Алма импортын шектеу шарасы ішкі сауданы реттеді – ҚР АШМ

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жасаған алма экспортының көлемі жыл сайын артуда, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр 13 мың тонна жөнелтіліпті. Көрсеткішті әлде де ұлғайту үшін таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігі алманы үшінші елдерден көлікпен әкелуге тыйым салған болатын. Бұл шектеу жыл соңына дейін сақталады. Аталмыш шара жергілікті бағбандардың ішкі және сыртқы саудасына оң әсерін тигізе ала ма?

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Үшінші елдерден алма тасымалдауды шектеу шарасы бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің арасындағы өзара алыс-берісті дамытуға бағытталған. Одақтас елдермен жасалған ведомствоаралық келісім осындай. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері хабарлады. Олардың айтуынша, биыл отандық алма өндірісінің көлемі жоғары болмақ. Сондықтан заңсыз импорт тәуекелі көп саналатын транзит түріне уақытша тосқауыл қойылды.

Елімізге импортталатын алма жемісінің жартысынан астамы Польшадан жеткізіледі. 20%-ке жуығы Өзбекстаннан және қалған үлесі Иран мен Қытайға тиесілі.

Саят Қамзин, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы:

- Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша біз өзіміздің ішкі нарығымызды 80%-ке дейін жабамыз отандық өндіріс есебінен. Бұл жерде айтып кететін жағдай, мысалы, импорттың көлеміне келетін болсақ, жыл сайынғы импорт көлемі 100 мың тоннаны құрайды. Бірақ ағымдағы жылдың 6 айының өзінде 93 мың тонна импорт кірген екен үшінші елдерден. Яғни, бұл импорттың көлемі біздің орташа импорт көлемі деңгейіне жақындап қалды 6 айдың ішінде.

Бұл – Шымкент іргесінде орналасқан алма бағы. Бағбан Бағдәулет Тойлыбаев бір гектарынан 25 мың тонна алма алады. Биылғы өнім көлемі 80%-ке дейін мол шыққан. «Осыған байланысты жоғарыда аталған транзиттік шектеу түрінің берер пайдасы көп», - дейді ол.

Бағдәулет Тойлыбаев, бағбан:

- Басқа елден алманың кірмегені бізге жан-жақты пайда ғой. Басқа елден алма кірсе, мысал үшін 5 айда сатып болатын алманы 7 айда сатуымыз мүмкін. Қоймада неғұрлым көп тұрғаны ол да дұрыс емес. Жылдап ұстай алмаймыз біз оны. Өйткені ертерек сатылып, шығарған шығынын жапса жақсы ғой.

Бұл пікірмен бұрынғы мәжілісмен, қазіргі қоғам қайраткері Фахриддин Қаратаев та келіседі. Парламенттің 6-7-ші шақырылымдарында талай мәрте бағбаншылардың мәселесін көтерген ол таяуда енгізілген шектеуді қолдайды.

Фахриддин Қаратаев, қоғам қайраткері:

- ҚР АШМ тарапынан қабылданған шешім дұрыс бағыт деп есептеймін. Алма бақтарында жеміс көлемі мол болды. Оған шүкіршілік етеміз. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіретінін ескерсек, осы шешімге байланысты енді елімізге бұл одаққа мүше болмаған көрші елдерден алма жемісін көлікпен алып келуге тыйым салынды. Бірақ бұл шешім жеміс-жидек өнімдеріне қатысты емес.

Өкінішке қарай, өнім мол шыққанымен, ағаш басында жиналмай қалатын немесе тал түбінде босап жататын алманың көптігі жыл сайынғы түйткілге айналып барады. Шырын жасауға қажет нәрлі суын да пайдаға жарата алмай жатыр. «Елде осындай жемісті өткізетін жер жоқтың қасы», - дейді әуесқой бағбан Ержан Исақұлов.

Ержан Исақұлов, қала тұрғыны:

- Баяғы Кеңес Одағы кезінде «заготконтора» деген болатын. Олар жеміс-жидек пісті-ау деген кезде әр үйге келіп, арнайы жәшіктерін тастап кететін. Сөйтіп, оған жеміс-жидек өсіріп отқан адамдар жемісті баптап алып, соған салып «заготконтора» адамдарына тапсыратын. Олар қолма-қол ақшасын беретін.

Бүгінде алма жемісін дайындау, жинау, тиеу, жөнелту және дүкен сөрелеріне шығару жүйесін жетілдіру қажет. Өйткені ішкі және сыртқы нарықтарда Қазақстан алмасына сұраныс жоғары.

Тойгүл Жұбанисова, ҚР СИМ Сауда комитетінің ресми өкілі:

- Жалпы Сауда комитеті біздің отандық өнім өндірушілердің сауда сөрелеріне шығуға және қандай да бір импорттық тауардың демпингіне ұшырамауға жұмыс пен бақйлау жүргізеді. Алайда бұл жерде алма әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесіне кірмейді. Сондықтан бұл жағдайда мәселенің шешімі сауда сөрелеріне қоюға заңсыз бас тарту алған кәсіпкерлер болатын болса, онда Сауда комитетіне жазбаша түрде арыз-шағым қалдыра алады.

Бұл – Қазақстанның көрші елдермен алыс-беріс көлемі. Экспорт бойынша сұраныс Ресей Федерациясында жоғары. Биыл қаңтар мен маусым айлары аралығында 2 мыңнан астам тонна алма жемісі экспортталса, 444 тонна импортталған. Ал импорт бойынша Қырғызстан көш басында 1122 мың тонна өнім.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрсұлтан Мұхамеджан, Арман Ақшабаев, Мадияр Қындыбаев