Депутаттар қант импорты тәуелділігіне алаңдаулы
Отандық қант зауыттары ішкі нарықтың небәрі 22%-ін ғана жабуға қауқарлы. Қалған өнімді шетелден импорттауға мәжбүр. Бұл туралы сенатор Сәкен Арубаев айтты, деп хабарлайды 24kz.
Ол өнімді өңдейтін зауыттардың әбден тозғанын, тіпті кей кәсіпорында қажетті техника жоқ екенін жеткізді. Депутат импортқа тәуелділікке алаңдаушылық білдіріп, егіс алқабы артқанымен оны кәдеге жарату мәселесі өткір тұрғанына тоқталды. Зауыттардың өнімділігі аз болған соң елдегі қант қызылшасын да түгел өңдей алмайды. Осыған байланысты депутат инвестиция тартып, өнімділікті арттыруды талап етіп отыр. Сондай-ақ шаруалардың да қолдауға мұқтаж екенін жеткізді.
Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Биылғы өнім толық өңделсе, шамамен 120 мың тонна қант алуға болады. Алайда елдегі жылдық қажеттілік 550 мың тоннаны құрап отыр. Бұл 78% шетелдік өнімге тәуелдіміз деген сөз. Өткен жылы елге 303 мың тонна қант келсе, биыл 6 айда 206 мың тонна қант келген.