Жаңа Салық кодексіне қандай жаңашылдықтар енгізіледі?
Келер жылы жаңа Салық кодексі қабылданады, деп хабарлайды 24kz.
Құжат аясында қазынаға түсетін міндетті төлемдердің саны кемінде 20%-ке азаяды. Тиісті ведомство өкілдері Мәжіліс депутаттарына заң жобасын таныстырды. Қолға алынатын шара көп. Бір қызығы, көлігіңіз ескірген сайын салық көлемі де азая түседі. Зейнеткерлерге қатысты да жаңашылдықтар бар. Ауқатты, бай болсаңыз, ол үшін де төлем жасайсыз.
Рухани Асқар, тілші:
- Қазір қолданыста 12 салық түрі бар. Алдағы уақытта олар 20% азаяды. Кейбір төлемдер біріктіріледі. Одан соң салықтық жеңілдіктер ретке келтіріледі. Ол да кемі 20%-ке қысқарады. 110 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр. Оның сомасы 1 трлн 300 млрд теңге. Бұдан басқа, 29 салық жеңілдікті қолдану мерзімі шектеледі. Есесіне, кәсіпкерлік салада өндірушілерге мүмкіндік молаяды.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Салық төлеушілердің барлық санатына инвестициялар үшін «әмбебап» ынталандырулар беріледі. Ғимарат, құрылыс, машина, түрлі жабдық сатып алу және салу шығындарын 100% шегеру түрінде бір жолғы инвестициялық салық преференциялары ұсынылады. Өнім өндіру және сатуға табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі ұсынылады. Шикізатты қайта өңдеу үшін қосымша құн салығы бойынша ынталандыру да беріледі.
Салық бойынша қарызы бар кәсіпкерлердің барлығының есепшоты бұғатталып, мүлкі тәркіленбейді. Сараланған тәртіп қолданылады. Болмашы берешек үшін бизнес жапа шекпеуі тиіс. Салықты уақытылы төлемей, ескертуге құлақ аспағандар ғана жазаға тартылады.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Біз ұсынған жаңа тәртіп бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни, шамамен 74 мың теңгеге дейін қарыз үшін шара қолданбаймыз. Тек «берешегіңіз бар, сол үшін өсімпұл есептеледі» деп ескерту жібереміз. Аз сома үшін қатаң шара қолданбай, борышкердің одан арғы іс-әрекетін бақылаймыз. Егер ескертуді орындамай, қарызы 45 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 166 мың теңгеге дейін өсетін болса, хабарлама жіберіп, шара қолданамыз.
Құжаттың маңызды бөлігі жеке тұлғаларға салынатын салыққа қатысты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер жеке табыс салығынан босатылады. Турасын айтқанда, зейнетақыдан салық ұсталмайды. Ал, аса қымбат жылжымайтын мүлік иелері «сән-салтанат» салығын төлейді.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Салық кодексінде өткенде көрген шығарсыздар, Дубайдың өзінде 3 мыңға жуық пәтері бар қазақтар анықталды. Ең кемі 500 млн теңге айналасы пәтер құны. Осы шетелдегі жылжымайтын мүлкі бар адамдарға неге салық қарастырылмаған, неге оларға салық салынбайды? Сол кезде біз олардың жасыруға бәрін бөгет болатын едік.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Біріншіден, мүліктің пайда болуы, заңды ма заңсыз оны қазір Бас прокуратура өз жұмыстарында пайдаланады деп ойлаймын. Ал мүлік салығы бойынша қай жерде мүлік орналасқан, сол жер ол салықты өндіріп алады.
Жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау алда жалғасады. Әрбір заңнамалық түзету жіті қаралып, іске асыру жолдары пысықталады.