Елімізде бюджет шығындарын қадағалайтын бағдарлама қолданысқа енеді

Бюджет шығындары кірістен екі есе көп. Жартыжылдықты қорытындылаған мамандар осындай пікірде, деп хабарлайды 24kz.

Жетіңкіремейтін қаражат Ұлттық қор есебінен жамалып келеді. Бірақ қордағы қаражат сарқылмайтын байлық емес. Сондықтан Қаржы министрлігі бюджет шығындарын қадағалайтын бағдарламаны қолданысқа енгізбек. Ол қалай іске асады?

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Еліміз алты айда 10 трлн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Бұл былтырғыдан 3% аз. Ал кіріс 9 трлн теңгеге жуықтап, бір жыл бұрынғыдан 1% өсті. Оның үштен бірі Ұлттық қордан түскен. Яғни, бұл трансфертсіз бюджет тапшылығы одан да көп болар еді. Салықтық түсімдер шығыстың жартысын ғана өтеп отыр.

Айбар Олжай, сарапшы:

- Ең басында өзіміздің декларацияда жасаған ұлттық қордан осынша ақша аламыз деген жоспардан екі есе көбірек алып жүрміз. Ол бюджеттік дисциплинаның әлсіз болып кеткенін көрсетеді соңғы жылдары, шынымен де. Бір бюджеттік дисциплина, жасалған жоспарға деген жауапкершілік шынымен де қалмай бара жатыр. Оның бір-ақ жолы бар. Егер нақты қарайық. Нақты қандай кіріс түсті? Қанша кіріс түсті? Біздің шамасыз сол шығар. Сол деңгейде жоспарлайық.

Жалпы биыл бюджетке 20 трлн түсіріп, 23 трлн теңге шығындау жоспарланған. Бірақ мамандар бұл қаражатты тиімдірек жұмсау керегін айтады.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Биылғы алты айдағы Қазақстан экономикасы 52 трлн-ға бағаланып отыр. Бұл Ұлттық статистика бюросының дерегі. Яғни, бюджет шығындары жалпы ішкі өнімнің 20%-ін құрайды. Бұл Қазақстан үшін қауіпті емес. Соңғы бес жылда шығындарымыз 16-24% арасында болды. Дегенмен, мамандар бұл қаражаттың қайда, қалай жұмсалып жатқанына мән беру керегін ескертеді. Өйткені экономиканың өсіміне әсер етпейтін шығындардың көбеюі жұмыссыздық пен инфляцияға алып келуі мүмкін.

2025-2027 жылдарға арналған бюджет жоспарын талдау кезінде Жоғары аудиторлық палата біршама кемшілік тапты. Олар 4,6 трлн теңгенің 117 млрд-ын басқа мақсатқа жұмсап, 3 млрд-ын үнемдеуге болатынын анықтаған. Жауапты министрлік бұл мәселені жаңа ақпараттық жүйені енгізу арқылы шешпек.

Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Қазір мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің жеке-жеке қаржылық жүйелері бар. Енді ол ақпараттың бәрі бір жерде сақталатын болады. Осылайша, біз бюджеттің шығыс бөлігін қадағалай аламыз. Яғни, қанша қаражат қай мақсатта жұмсалып жатқанын көріп отырамыз. Бұл деректер сарапталып, тиімділігі тексеріледі. Яғни, бюджет шығындарын азайта аламыз деген сөз.

Жауаптылардың сөзінше, аталмыш жоба қаржылық қылмыстардың  алдын алуға ықпал етеді. Себебі, бюджетті жоспарлаудан бастап орындауға дейін толық қадағалауға мүмкіндік бар.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ербол Дайыров