«Сән салтанат» салығы қандай бағалы мүлік үшін салынады? Шолу
Жаңа Салық кодексі арқылы Мемлекет басшысының жүйені реформалау жөніндегі тапсырмалары іске асырылады, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату секілді қоғам жиі көтеріп жүрген мәселелер шешімін табады деп үміттенеміз. Тақырып аясында шолу жасаған арна тілшісі Рухани Асқар студияға келіп отыр.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Өзіңізге сөз берейік. Жеке тұлғаларға қатысты тағы қандай жаңашылдық бар? «Сән салтанат салығы» қандай бағалы мүлік үшін салынады?
Рухани Асқар, тілші:
- Қайырлы кеш! Құжатты таныстырған тарап жобада салық саласын жақсартуға қатысты шаралар көп деп отыр. Жетілдіруді қажет ететін тетіктер де бар. Мысалы, жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін белгілеу, саланы цифрландыру жайы қосымша талқыланады. Ал, жеке тұлғаларға салынатын салық жөнінде бірқатар мәселеге тоқтала кетейін. Мына лэд экранға зер салайық.
Қолдануы 10 жылдан асқан автокөліктер үшін салық 30%-ке, 20 жылдан асқан темір тұлпарлар үшін 50%-ке төмендейді. «Сән-салтанат» салығын мына тәртіппен іске асыру ұсынылып отыр. Мәселен, жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүліктерге салық жоғары мөлшерлемемен белгіленеді. Кедендік құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автокөліктерге акцизбен қосымша салық салу көзделіп отыр. Сонымен қатар қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, яхталарға, ұшақ пен тікұшақтарға да акцизбен қосымша салық салынбақ.
Арман Балтабайұлы:
- Рухани, банк секторының өкілдері үшін салық мөлшері өзгере ме? Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға салықты көбейту жайында не айтылды? Шаруаларға салық төлемдері төмен боп қала ма?
Рухани Асқар:
- Иә, бұдан әрі сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу жоспарланған. Банк секторы мен ойын бизнесі үшін 25% жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Осы тұста айта кетерлігі, егер банк экономиканың нақты секторына несие беретін болса, кірістер бойынша 20% базалық мөлшерлеме қолданылады. Өнім өндірушілер мен әлеуметтік сала үшін 10%-тік мөлшерлеме ұсынылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3%-тік төмен мөлшерлеме сақталады. Мәжілістің вице-спикері Дания Мәдиқызы мақсат Салық кодексін жеңілдетіп, оны барлық азаматқа түсінікті ету екенін атап өтті.
Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Жаңа кодекс елдің салық жүйесін неғұрлым тиімді басқаруды қамтамасыз етуге, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын жеңілдетуге, салық төлеушілердің сенімін арттыруға және тұтастай алғанда экономиканың тұрақты дамуына ықпал етуге тиіс. Жаңа салық кодексінің жобасы Үкіметтің бизнес, сараптамалық қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдерімен екі жыл ішіне талдау және жан-жақты консультациялар жүргізген жұмысының нәтижесі болды.