Жәрмеңкелерді өткізу мерзімі бекітілді

Күз – берекелі мезгіл. Қырман қызылға толып, қамбаға астық құйылып жатыр.

Жаз бойы бел жазбаған диқан тынымсыз еңбегінің жемісін жейтін уақыт.

Ала жаздай қолынан таяғы түспеген ағайын да етек-жеңін жинап, қыстауға көшудің қамын жасап жатыр.

Әрине қыстың алдында қалаға бір келіп, қысқы азығын бір түгендеп кететіні анық. Мәселен, олар күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне арнайы келеді.

Жәрмеңкелерді өткізу мерзімі бекітілді

Ертең дәстүрлі күзгі жәрмеңкелер басталады. Яғни ауылдағы ағайын даланың астатөк дәмін қалаға әкеледі. Осыған дейін Сауда және интеграция министрлігі жәрмеңкелер мен көрмелер өткізу стандарттарын бекітті. Жәрмеңкелер мен көрмелердің бес түрін айқындады. Біріншісі – маусымдық. Бұл жәрмеңкеде мектепке қажет оқу-құралдары, көмір, шөп және тағы басқа дүние саудаланады. Екіншісі – тақырыптық. Мұндай жәрмеңкелер отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде азық-түлік сөреге шығарылады. Бұдан бөлек мерекелік және аймақтық жәрмеңке-көрмелер бар. Бұл іс-шараларға бірнеше өңір қатысады. Жауапты министрлікте жәрмеңкелердегі баға да нарықтағыдан төмен болуын міндеттеді.

«Әрбір жәрмеңке түріне арналған күнтізбелік кесте және өткізу мерзімі белгіленген. Мысалы, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері аудандарда екі аптада бір рет, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда аптасына бір рет өткізілуге тиіс. Елордада жәрмеңкелер маусымнан қарашаға дейін өтуі керек. Барлық ниет білдірушілер онлайн өтініш беріп, қатысуы үшін ұйымдастыру процесін цифрландыру қажет. Ауыл шаруашылығы, мерекелік және маусымдық жәрмеңкелердегі бағалар нарықтық бағадан төмен белгіленеді».
Айжан Бижанова, ҚР Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары

Елордадағы жәрмеңкеге 400 тонна азық-түлік жеткізіледі

Астанадағы алғашқы жәрмеңке «Қазанат» атшабарына қарсы алаңда, Қарқаралы тас жолының бойында өтеді. Өңірлер шеруін Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстары бастайды. Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, жәрмеңкеде 125 тонна ет, 250 тонна көкөніс пен жеміс-жидек сөреге шығарылады. Сондай-ақ жәрмеңкеде сүт өнімдерін, балық пен жұмыртқа, басқа да азық-түлікті арзанға сатып алуға болады. Жалпы, осы жолы Елордаға 400 тонна азық-түлік жеткізіледі.

Үкімет күзгі жәрмеңкелердің азық-түлік бағасын тұрақтандырудағы үлесі зор екенін айтып отыр. Сонымен қатар орақ науқаны кезінде әлеуметтік маңызды азық-түлік қорын толықтыруға баса көңіл бөлініп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елдегі қорларда 725 мың тоннадан астам азық-түлік бар. Барлығы 29 түрлі азық-түлік сақталған.

Агроөнеркәсіп кешеніне 488 млрд инвестиция тартылды

Әрине азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тек орақ науқанына қарап отыруға болмайды. Заманауи технологияларды көптеп қолға алу қажет. Жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешеніне 488 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығына – 407 млрд теңге, тамақ өнеркәсібіне 81 млрд теңге құйылды. Осы уақытқа дейін 82 жоба жүзеге асты.

Жобалар саны бойынша Павлодар, Ақмола, Түркістан, Жамбыл және Қарағанды облыстары көш басында тұр. Ал Алматы, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында бірде-бір жоба іске қосылмаған. Жақында өткен жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әкімдіктер жұмысын сынға алды.

«Бұл – жобалардың әлсіз пысықталуының, іске асыруға қызығушылықтың жоқтығының салдары. Алайда өңірлердің бұл саланы дамытуда үлкен әлеуеті бар. Агроөнеркәсіп кешенін инвестициялау үшін қажетті жағдайлар жасалды. Қаражат тартылды, жеңілдікті несиелер, инвестициялық субсидиялар берілді. Енді жергілікті жерлерде жұмыс істеу қажет.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі

Министр биылға жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы қатаң бақылауда екенін айтты. Және техникалық паркті жаңартуда қаржыландыру тетіктерін барынша пайдалануды тапсырды.

Валюта бағамы

Енді валюта бағамына тоқтала кетсем. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллардың бүгінгі құны – 478 теңге 93 тиын. Еуро сәл қымбаттап, 534 теңге 96 тиынға бағаланды. Ресей рублінің бағасы 5 теңге 16 тиын сомасында тұрақтады. Ал Қытай юанінің құны – 67 теңгеден асып тұр.