О. Бектенов агробизнес өкілдерімен АӨК қолдау мәселесін талқылады

Үкімет басшысы Олжас Бектенов агробизнес өкілдерімен Президент жолдауы аясында агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары мен астық жинау науқанының барысын талқылады, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл саланы қаржыландыруға 580 млрд теңге бөлінген. Бұл ақша диқандарды тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және форвардтық сатып алуға жұмсалды. Президент тікелей субсидиялаудан қолжетімді несие беруге көшу арқылы қаржыландыру көлемін ұлғайту міндетін қойған болатын. Енді келер жылдан бастап шаруалар қаржы институттарынан тікелей арзандатылған несие алу мүмкіндігіне ие болады. Тағы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту үшін де мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл Үкімет осы бағытқа бөлінетін қаражат көлемін едәуір ұлғайтқан. Бұл 2 мыңнан астам шаруаға қолда бар паркті жаңартуға мүмкіндік берді. Биыл диқандар 19,5 мың техника сатып алған.

Жалпы биыл елде 23,3 млн гектар аумаққа дәнді дақылдар егілген. Қазір 11,3 млн га жерден дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, биыл астық өнімі кем деген 20 млн тоннаға жетеді деп күтіліп отыр. Осы ретте Үкімет басшысы «Атамекен» палатасымен Сауда және интеграция министрлігіне экспорттық нарықтарды кеңейту жағын пысықтауды тапсырды. Жиын соңында Премьер-министр мемлекеттік органдарға елдегі егін жинау науқанының сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бизнестің барлық ұсыныстары мен тілектерін пысықтауды міндеттеді.