Елімізде 100 электр көлігін қуаттандыру станциясы салынады

Былтырдан бері елдегі электр көліктерінің саны екі есе артты, деп хабарлайды 24kz.

Тамыз айында Қазақстанда тіркелген мұндай көлік саны 10600-ден асты. Алайда елде 5,5 млн көлік бар екенін ескерсек, электр көліктерінің үлесі тым аз екенін аңғарамыз.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, электр көліктерінің 60%-ке жуығы Алматы қаласының үлесінде. Қалада 6300 электр көлігі бар. Ал Астанада 1300-ден астам электр көлігі тіркелген. Үштікті Алматы облысы түйіндейді. Облыстағы 552 темір тұлпар электр қуатымен жүреді. Ал тізімнің соңында 25 көлікпен Абай облысы тұр.

Электр көліктерінің көбеюі оларға қажет инфрақұрылымды дамытуға екпін берді. Қалада да, далада да көліктерді қуаттандыру станциялары салынып жатыр. Қазір елде республикалық маңыздағы 25 мың шақырым тас жол бар. Көлік министрлігі осы күрежолдарға барынша назар аударып отыр.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Көбінесе осы электромобильдерді зарядтауға мүмкіндік беретін нүктелер Алматы – Астана тас жолында, Алматы – Астананың бір бөлігі болып келетін Қарағанды – Балқаш тас жолында және де оңтүстік, яғни Астана мен Шымкенттің арасында, Астана мен Алматының арасында. Болашақта мына оңтүстіктің өзіндегі жолдарда өте көп салынады. Себебі бұл жолдардың қарқындылығы жоғары және сұраныс та өте көп. Сондықтан болжам бойынша осы жолдарда пайда болады.

Электр көліктерінің саны

Барлығы – 10674

Алматы қаласы – 6275

Астана қаласы – 1351

Алматы облысы – 552

Шымкент қаласы – 396

Қарағанды облысы – 183

Маңғыстау облысы – 149

Жамбыл облысы – 133

Атырау облысы – 123

Батыс Қазақстан облысы – 121

Шығыс Қазақстан облысы – 116

Қостанай облысы – 107

Түркістан облысы – 104

Ақтөбе облысы – 89

Павлодар облысы – 81

Қызылорда облысы – 61

Ақмола облысы – 58

Солтүстік Қазақстан облысы – 51

Жетісу облысы – 49

Ұлытау облысы – 38

Абай облысы – 25

 

100 қуаттандыру станциясы салынады

Станциялар инвестиция есебінен салынады. Инвесторлар тарапынан төрт қатарлы жолдарға қызығушылық жоғары. Қазір жолдар бойында 23 қуаттандыру нүктесі жұмыс істеп тұр. Министрлік бұлардың санын 100-ге жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатта тиісті келісімдер жасалды. Бүгінде жаңадан салынып жатқан жолдар бойында 600-ге жуық алаң дайын тұр. Бұл алаңдарға да қуаттандыру станцияларын салуға болады.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Бірақ бір жайт, инфраструктуралық тұрғыдан қарау керек. Кейбір жерлерде ондай электростанциялық нүктелеріміз 80-100 киловаттық қуаттылықты талап етеді. Алайда кейбір жерде киловатт қуаттары тартпай жатады. Сондықтан жергілікті әкімдіктермен осы жұмыстарды қолға алып жатырмыз.

 

Станциялар құрылысына ₸ 1,1 млрд құйылады

Электр көлік саны бойынша көш басында тұрған мегаполистер үшін қуаттандыру станцияларының санын көбейту маңызды. Алматыда мұндай станцияларды жыл соңына дейін 300-ге жеткізу көзделіп отыр. Ал Астанада 80-нен астам нысанды тұрғызу жоспары бар. «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұсынған мәліметке сүйенсек, инвесторлар тарапынан бірнеше ұсыныс түскен. Кәсіпкерлер станциялар құрылысына 1 млрд теңгеден астам қаржы салуға ниетті.

Электрмен қуаттандыру станцияларын қызмет көрсету нысандарымен бірге салу жоспарланып отыр. Оның ішінде қоғамдық тамақтану нысандары, вендингтік аппараттар, күту аймақтары, санитарлық үй-жайлар және басқа да ілеспе сервистермен қатар салу жоспарланған. Қуаттандыру станциялары тұрғындар көп баратын жерлерде тұрғызылады. Барлық станциялар отандық өнімдермен, заманауи құрылғылармен жабдықталады. Сондай-ақ электромобильдерді жылдам қуаттандыратын жабдықтарды орнатуға және халық жиі қолданатын төлем әдістерін енгізуге баса көңіл бөлінеді.

 

Валюта бағамы

Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллардың бүгінгі құны –  480 теңге 50 тиын. Еуро 534 теңге 22 тиынға бағаланды. Ресей рублінің бағасы 5 теңге 18 тиын сомасында тұрақтады. Ал Қытай юанінің құны 68 теңге 12 тиын.