Қазақстанда жеңіл көлікті жалға беру қызметі 27%-ға артты
Келешекте автокөлікті сатып алатындар қатары сирей түсетін сияқты.
Өйткені елде темір тұлпарды жалға алатындар көбейген. Бір жылдағы өсім 27%-ға жуықтады.
Елде жеңіл көлікті жалға беру сұраныста. Былтырғы сәйкес кезеңнен 27%-ға артып, 58 млрд теңгеге жеткен. Әсіресе ауылдық жерлерде көрсетілген қызметтер 2 есе өсіп, 6,8 млрд теңгені құрады. Ұлттық статистика дерегі осындай.
Жалпы нарықта бәсеке күшейген. Әр компания клиенттерін ұстап қалу үшін тарифтік жеңілдіктер мен сапалы қызмет көрсетуді басты орынға қояды. Елордадағы кәсіп иелерінің бірі Әлия Сапарғалиева әсіресе көктем-күз аралығында жалға берілетін көліктерге сұраныс артатынын айтады. Сол себепті компания парктегі 35 темір тұлпарды 50-ге жеткізуді көздейді. Жалға алушылар әдетте жаңа, комфорт санаттағы көліктерге қызығады екен. Аталған компанияларға заңды тұлғалар да жүгінеді. Олар әдетте ұзақмерзімді қызметті пайдаланады. Оның үстіне жазда бас қалаға келетін туристер қатары артты. Шетелдік меймандар да жүргізушісіз көліктермен қатынауды жөн көреді. Себебі қала сыртындағы демалыс орындарына да бару мүмкіндігі қарастырылған. Ал мамандар: «Көлікті сатып алмай, жалға алу қалыпты дүниеге айналады», – дейді. Жаһандық статистикалық ұйымдардың бірі жүргізген зерттеуге қарасақ, ұрпақ алмасқан сайын жеке көлігі болғанын қалайтындардың қатары сиреп жатыр екен. Сауалнамаға қатысқандар арасында 1946-1964 жылғылар әркімнің өз көлігі болу керек десе, 1995-2012 жылғылар жалға алу қызметін пайдаланғанды жөн көреді. Демек бұл салаға сұраныс арта береді. Бәсеке де күшейеді. Қазір компаниялар үшінші тұлғалардың араласу сияқты тәуекелдерді ескеріп, қауіпсіздік шараларын күшейткен.
Әлия Сапарғалиева, көлікті жалға беру компаниясының директоры:
- Біз өз кәсібімізді 2021 жылдан бері атқарып келеміз. Сол тұста бұл нарыққа қызығушылық көп болмаған. Міне, 2 жылда сұраныс арта түсті. Мен мұны әлемдік тенденциямен байланыстырамын. Қазір жастар несие алып, қарызға батуды жөн көрмейді. Одан да көлікті жалға алған тиімді. Бұл – қолжетімді әрі ыңғайлы тәсіл. Тәжірибе көрсеткендей, біздің қызметке сұраныс жылдан-жылға арта береді.
Жүк көлігін жалға алатындар азайған
Есесіне жүк көліктерін жалға алатындар былтырғыдан сәл азайған. Жарты жылда 45 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Ал ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын уақытша пайдалануға ұсыну 30%-ға өскен. Сөйтіп жарты жылдағы көрсеткіш 1,6 млрд теңгеге жетті.
Trade-in қызметіне жүгінетіндер көп
Көпшіліктің несиеден бас тарта бастағаны автонарықта қатты сезіледі. Дилерлер әсіресе trade-in қызметіне жүгінетіндердің көбейгенін айтады. Яғни ескі көлікті жаңасына ауыстырады. Мұнда да тұтынушыларға түрлі бренд, модельдегі темір тұлпарлар ұсынылады. Қазақстандағы көлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, trade-in бағдарламасына бірнеше жолмен қатысуға болады. Мысалы, кейде азаматтар ескі көлігін салонға өткізбей, тікелей сатып алушымен келісім жасайды. Енді бірде жеке тұлғаның көлігін автосалондар сатып алады. Яғни ескі көлігін өткізіп, тек ақшасын алып қайтуға құқылы.
Міндетті автосақтандыру компанияларды шығынға батырды
Келер жылы еліміздің бірқатар өңірінде міндетті автосақтандыру құны өседі. Биыл құзырлы компаниялар міндетті автосақтандыру шарттары бойынша 43 млрд теңгеден астам сыйақы жинады, ал төлемдер 37 млрд-қа жуықтаған. Яғни сыйақы мен төлем арасындағы коэффициент 84%-ға жеткен. Бұл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайтын залалдылық деңгейінен 70%-ға көп. Мамандар түсімнің операциялық шығындарды, сақтандыру резервтерін қалыптастыру, филиалдық желіні қолдау және IT-инфрақұрылымды дамыту сияқты шығындарды жаппайтынын айтады. Нарық бойынша аймақтардағы ахуал әртүрлі. Төлем бар, сыйақы аз компаниялардың басым бөлігі Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында шоғырланған. Жалпы міндетті сақтандыру 12 өңірде тиімсіз болып отыр. Төлемге итермелейтін жағдайлардың дені – жол-көлік оқиғалары. Ал мүлікті ерікті сақтандырудың ең төменгі жарнасы 15 мың теңге, сыйақы 1,5 млн теңгеге барады.