Дәріні бөліп төлеу арқылы қарызға алатындар бар

Фармацевтика саласының ел экономикасы үшін маңызы зор.

Қазір нарықтағы отандық препараттардың үлесі айтарлықтай артып келеді. "Proxima Research" сарапшыларының зерттеуінше маусым айында өз өнімдеріміз ақшалай мәнде 13%-ға, табиғи және заттай мәнде 25%-ға жетті. Тәуелсіз сарапшылар 2024 жылдың қорытындысы бойынша дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу нарығы былтырғыдан 10%-ға өседі деп болжайды. Олар алғашқы жарты жылдағы көрсеткіш 24 пайызға өскенін байқаған. Яғни бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек 425 млрд теңгені құрады. Дәрілердің 396,2 млн қаптамасы сатылды.

6 айда импорттық дәрінің үлесі артты

Кей препараттар мен жабдықтар бойынша импортқа тәуелдіміз. Жарты жылда 1 млрд долларға шетелдік дәрі-дәрмек сатып алдық. Бұл былтырғы нәтижеден 56%-ға көп. Ұлттық статистика бюросы дәл мұндай сауда 2019 жылдан бері тіркелмегенін айтады. Бас-аяғы 19 мың тонна препарат жеткізілген. Бұл да рекордтық көрсеткіш. Негізгі жеткізушілер Германия, Үндістан, Италия және Ресей мемлекеттері.

Антибиотиктер сұраныста

Импорт демекші, елде антибиотиктерге сұраныс артыпты. Айтарлықтай себеп болмаса да, көрсеткіш бірден 2 есе өскен. 6 айда бактерияға қарсы препараттың 41 тоннасы сатылды. Ішкі өндіріс сұранысты өтеуге тырысып, 32 пайызға көп өнім өндірді. Қалғанын шетелден алдық. Соңғы жылдары антибиотиктердің құны да құбылмалы болды.

Дәріні қарызға алатындар бар 

Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі Талғат Омаровтың болжауынша, фармацевтикалық өнімдер нарығы әлі де құбылады. Қазір елде 7 мыңнан аса медициналық препарт сатылады, оның 2 800-і ғана көпшілік ұдайы қолданатын өнімдер санатында. Міндетті таңбалау енгізілгелі бұл нарықтағы баға біршама өскен. Барлық жеткізуші енгізілетін жаңашылдықты ескеріп, кей өнімдерді қымбаттау бағада тасымалдапты. Дәріханаларда қор жеткілікті. Қазір өнімдер орташа бағада сатылып жатыр. Талғат Омаров тұтынушылардың 20 пайызы дәрі-дәрмекті бөліп төлеуге алатынын айтады. Қарызға алынатын препараттардың дені нарықтағы арзан өнімдер.  

Талғат Омаров, тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі:

- Барлық өнім деп отырған жоқпын, бірақ 20-ға жуық дәрі-дәрмек түрі шамамен 30-40%-ға қымбаттады. Бұл толайым саудадағы көрсеткіш. Дәріханалар көп, сондықтан оның бәрін бақылау қиын. Ал өндірушілер таңбалау туралы, оның қосымша шығын екенін о баста ескерді. Сол себепті алдын ала қамданды. Қажет қорды елімізге жеткізіп берді. Қазір сол өнімдерді сатып жатырмыз. Ол біткен соң нарықты тағы зерделеп көреміз. 

Отандық өнімдердің үлесін арттыру қажет 

Биыл елде 87 млрд теңгеге дәрі-дәрмек өндірілді. Қазір фармацевтикалық нарықта 80-нен астам отандық өндіруші бар. Олар 900-ге жуық түрлі дерілік заттар және мыңнан астам медициналық бұйымдар шығарады. Енді осы өнімдердің нарықтағы үлесін 50 пайызға арттыру керек. Үкімет жаңа өндіріс ошақтарын салу не жаңғырту жұмыстарын пысықтап жатыр.

Жалпы үйдің жанында бірнеше дәріхананың болғаны жақсы. Себебі бірінде бар өнім, екіншісінде болмауы мүмкін. Бір дәріхананың көлемі үлкен болса, ассортименті де көп, қызмет көрсететін халық үлесі де басым болады. Мұндайда дәрілер құнын арзандау болуы мүмкін. Ал нақты өнімнің құнына келетін болсақ, оның отандық не шетелдік өнім екенін ескеріңіз, нысанның орналасқан жері де бағаға әсер етеді. Бірнеше дәріхананың жеткізушілері әртүрлі болуы мүмкін. Сақтау мерзімі өтуге жақын өнімдер арзанырақ болады әдетте. Бұдан соң өнімнің өзіндік құнына қосылатын фактор көп. Яғни кәсіпкер дайын өнім құнына жұмысшы жалақысын, салық, жеткізу ақысы, т.б шығындарды қосады. Нарық болған соң, бір бағаны белгілеп ұстап отыру мүмкін емес. Әр кәсіпкер ішкі саясатына қарай жұмыс істейтіні түсінікті.