Шымкентте қант диабетін емдейтін дәрі шығарылады
Келесі жылдан бастап ол елдегі медициналық мекемелерге кепілдендірілген медициналық көмек аясында қолжетімді болады.
Әзірге бұл препаратты шетелден тасып жатырмыз. Сол себепті бағасы да қымбат. Ал жаңа өндіріс ашылғаннан кейін дапаглифлозинге жұмсалатын қаражат 1 млрд 300 млн теңгеге үнемделеді. Өндірісте шетелдік баламаларды шығаруда қолданылатын технологиялар сақталатындықтан сапасы олардан кем болмайды. Фармацевтикалық зауыт басшысы Рустам Байғарин дәрі өндірісінде отандық өнімдердің үлесін арттыру маңызды дейді. Айтуынша, онкологиялық дерттерге қарсы дәрілер шығару мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Рустам Байгарин, фармацевтикалық зауыт директоры:
- Бізде ішкі нарыққа арналған жаңа өнімдер жасаумен айналысатын арнайы зертхана бар. Қазір жаңа заманауи зертхана ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама жүзеге асса, тереңдетілген зерттеулер жүргізіп, жаңа дәрі-дәрмектер ойлап табуға, оларды нарыққа шығаруға мүмкіндік туады.