Қазақстанда қоқыс өңдеуші 37 зауыт салынады
Алдағы уақытта 37 қоқыс өңдеу зауыты салынып, қолданыстағы 8-іне жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ өңірлерде бірқатар сұрыптау желісі ашылады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары, бұл жобалар іске асса, жылына 3 миллион тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптап, миллиондаған тонна қоқысты қайта өңдеуге мүмкіндік болады, деп отыр. Жалпы қазір ауылдардағы қоқыс жинау мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Себебі былтыр 39 ірі елді мекенде 5 жарым мыңнан астам рұқсатсыз үйінді анықталған. Бұл тұста ведомство, ғарыштан бақылау арқылы заңсыз қоқыс полигондарын анықтау жұмыстарына ден қойды.
Абылай Алмұханов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі департаментінің басқарма басшысы:
- Біздің салада әлі бәсекелік ортаға толықтай кетпей қалған қалдықтармен жұмыс жасаудың кезеңі бар. Ол полигондар. Облыс орталықтарындағы полигондар емес, біз бен сіз көріп жүрген полигон емес, ол аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендердегі полигондар әлі коммуналдық мемлекеттік мекемелердің меншігінде болып отыр. Ол жерлерде бизнес тарапынан қызығушылық аз болып тұр.