Көлеңкелі экономикадан $350 млн тәркіленді
Еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі былтыр көлеңкелі айналымдарды әшкерелеп, 350 млн долларды тәркілеген.
Одан бөлек, бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталып, 333 млн доллар қайтарылған. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен ТМД елдерінің салықтық тергеу органдары басшыларының үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. Жиын биыл 23-ші рет ұйымдастырылып отыр. Кеңестің мақсаты – экономикалық қылмыс, заңсыз ақша айналымы және интернет алаяқтықпен күресте күш біріктіру. Экономикалық немесе қаржылық қылмыстар жасаған 7 ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Оның біреуі – трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ. Биыл үйлестіру кеңесіне Қазақстан төрағалық етеді. Жиынға қатысушылар қылмыстың алдын алуға ерекше мән берілетінін атап өтті.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Азаматтарды түрлі алаяқтық схемаларға және лудоманияға тартудан қорғау мақсатында алдын алу жұмысының нәтижесі бойынша бізде әлеуметтік желілердегі аккаунттар, түрлі мессенджерлердегі чаттарды бұғаттау арқылы да біраз нәтижеге қол жеткіздік. Оның ішінде жыл басынан бері 14 мың сілтеме бұғатталды. Олардың жалпы аудиториясы – 380 мыңға жуық азамат.
Нұрлан Сейтімов, ТМД Атқарушы комитеті бас хатшысының орынбасары:
- Соңғы уақытта лаңкестік топтарды қаржыландыру, жемқорлық, заңсыз ойын бизнестері көбейіп барады. Сондықтан бүгін әр елдің Қаржылық мониторинг агенттіктерінің өкілдері бас қосып, осы экономикалық қылмыстарға бірлесе қарсы тұру мәселесін талқылады. Сонымен қатар интернет және криптовалюта саласындағы заңсыздықтарды әшкерелеу жөнінде жақсы тәжірибелермен бөлістік.