2025 жылдың егіс жұмыстарына фермерлерді қаржыландыру биыл басталады
Келер жылғы көктемгі егіс жұмыстарына фермерлерді қаржыландыру биыл басталады. Вице-премьер Серік Жұманғарин Қостанай облысының фермерлерімен осы мәселені талқылады.
Ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің биылғы қыркүйектегі қазақстандық диқандармен кездесуінде талқыланған тақырыптарға тоқталды. Қостанайға сапары барысында Серік Жұманғарин Харьковское ауылының тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар «Тэрра» шаруа қожалығының егіс алқабында көкөніс жинау мен өнімді сақтау орындарының жұмысымен танысты. Сондай-ақ жылқы тұқымын өсірумен айналысатын серіктестікте болды.
Жалпы қазір Үкімет шаруаларды қолдауға ерекше ден қойып отыр. Мәселен, екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы институттарының жеңілдігі бар, сондай-ақ айналым мен инвестициялық қаражат түріндегі қолдауларын қосқанда мемлекеттік қолдау көлемін 1,4 триллион теңгеге дейін жеткізу көзделді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Үкімет басшылығымен өткізілген кеңес – Президенттің елдегі ауыл шаруашылығын қолдау және дамыту жөніндегі тапсырмаларына жылдам жауап. Біз фермелерді қолдау көлемін арттыруға ден қойдық. Алдағы көктемгі-күзгі дала жұмыстарына жеңілдігі бар қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтамыз, оның шамамен 40%-і «Даму» қоры арқылы кепілдендіріледі. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке кредиттеу көлемі 100 млрд теңгеден 200 млрд теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде жыл сайынғы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін фермерлерді қолдау сомасы 900 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.