GII-2024: Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері көшбасшыларының үштігіне енді
Бүкіләлемдік интеллектуалды зияткерлік меншік иесі ұйымынан еліміз үшін қуанышты хабар жетті.
Женевадағы штаб пәтерде өтіп жатқан жиында Қазақстанның рейтингте бірнеше сатыға көтерілгені мәлім болды. Келелі кеңеске әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған сарапшы келді. Олар мемлекеттердің инновациялық дамуы жөнінде пікір алмасып, рейтингті жақсартудың жолдарын талқылады.
БҰҰ-ның Женевада орналасқан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жыл сайын Жаһандық инновациялық индекстің ресми тұсаукесерін өткізеді. Биыл Қазақстан өз рейтингін 3 позицияға жақсартып, әлемнің 133 елі арасында 78-орынға ие болды. «Бизнестің даму деңгейі» – плюс 9 позиция, «Инвестициялар» – плюс 5 позиция, «АКТ-ны пайдалану» – плюс 14 позиция және «Шығармашылық қызмет нәтижелері» сияқты көрсеткіштер бойынша нәтижені жақсарта отырып, қол жеткізілді. Осының арқасында Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азияның 33 елі арасында инновациялық экономиканың үздік үштігіне енді және орташа табысы жоғары елдердің ортасынан көрінді.
Әсет Ерғалиев, ҚР ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі:
- Дамудың 3 бағытын айқындадық. Олардың бастысы – инвестиция тарту және инвестициялық климат. Бұл – Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсартуға және бүкіл инвестициялық процесті бюрократиясыздандыруға қатысты кейінгі жылдары қабылдаған шаралары. Екіншісі – экономиканы цифрландыруға қатысты бағыт. Біз электронды мемлекеттік қызметті жетілдіруде жетекші орынға ие боламыз. Олардың ыңғайлы және тез қолжетімді екенін бәрі біледі. Ал үшіншісі – бизнес-климатқа қатысты сала. Бұл индекс халықаралық қоғамдастық үшін, сарапшылар қауымдастығы үшін, инвесторлар үшін белгілі бір елге инвестиция салу туралы шешім қабылдаудан бұрын өте маңызды, сарапшылар мен инвесторлар осы көрсеткіштер түрлерін қарап, қандай да бір шешім қабылдайды.
Саша Вунш-Винсент, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы экономика және статистика департаментінің басшысы:
- Жалпы алғанда ақпараттық-коммуникациялық технология инфрақұрылымының дамуы айтарлықтай өсті және инновацияның өсуіне қолайлы негіз болды. Біз сондай-ақ өңірлік деңгейде қазақстандық көрсеткіштердің айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Сіздерде өте күшті мұнай-газ секторы бар, жалпы алғанда энергетика саласында біз жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы инновацияның айтарлықтай жоғары модернизациясын көріп отырмыз.
Жаһандық инновациялар индексі де Қазақстанның FinTech секторындағы жоғары көрсеткіштерін атап өтті. Қаржы қызметтерін жаңғырту Қазақстандағы инновациялық белсенділіктің кеңеюіне ықпал етеді. Ал енді келесі кезеңде Қазақстанның инновациялық инвестициялары отандық инновациялық өнімдер мен қызметтер өндірісін ұлғайтуға айнала алады. «Олар – аймақта және әлемде танымал және экспорттық өнім, Қазақстаннан тысқары жерлерде, мысалы, Германия мен Швейцарияда танымал күшті қазақстандық брендтер», – дейді Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының штаб-пәтері.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.