Еліміздің туризм саласына жеке инвестиция тартылады
Туристік операторлар толайым табысқа кенелді. Жарты жылда 285 млрд теңге тапқан, деп хабарлайды 24kz.
Иә, биылғы жыл сала үшін аса қолайлы болған сыңайлы. Шетелдік меймандар саны артты. Оларды елге әкелуге себепкер болған кәсіп иелері мемлекет қолдауына ие.
Алдағы бес жылда еліміздегі ұлттық парктерде 15 млн адам демалады. Оның төрт млн-ы сырттан келетін меймандар. 2029 жылға дейінгі экотуризмді дамыту жобасы шеңберінде 800 мың жұмыс орны ашылады. Туризм министрлігінің салаға қатысты жоспары ауқымды. Ең алдымен визит орталықтарын көбейту керек. Жеті нысан мемлекет қаржысына салынды. Олар Ақмола, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Атырау облыстарында орналасқан. Енді жеке инвестиция есебінен 5 трлн теңгеге Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлерінде 9 визит орталық салынады. Қазір елде жалпы аумағы 2,7 млн гектар болатын 14 ұлттық парк бар. Қолданыстағы 16 визит орталықтың жетеуі осында жұмыс істеп тұр.
«Тұрақты туризм» қағидаттарын енгізу қажет
Бұған дейін Мемлекет басшысы туризм саласындағы инвесторлармен байланысты сынаған еді. Саладағылар олқылықтың орнын толтыруға әрекет етіп жатыр. Енді елде инвестициялық жобалар бойынша деректер базасын түзу қолға алынбақ. Қазірдің өзінде онда құны 1,6 млрд теңге болатын 125 жоба еніп отыр. Бұл 40 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Юлия Якупбаева: «»Тұрақты туризм – экономикалық өсуді, қоршаған ортаны қорғауды және әлеуметтік-мәдени байланыстарды дамытуды үйлесімді үйлестіруге мүмкіндік беретін стратегия» деді. Яғни, Қазақстанға халықаралық туристер мен инвесторлардың назарын аудару үшін, аймақтағы көшбасшы болу үшін «Тұрақты туризм қағидаттарын» енгізуді ұсынды.
Қонақүй салам деушілерге қолдау бар
Жарты жылда еліміздегі қонақүйлер мен мейманханалар 121 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Жыл өткен сайын туристік әлеуетіміз артып жатыр. Демек, жайлы әрі жоғары сапада қызмет көрсететін қонақүйлерді көбейту маңызды. Инвестициялық жобаның 10%-ін мемлекет субсидиялайды. Отандық бизнес 7 түрлі қолдау шарасымен қамтылған. Бұдан бөлек, басымдық беріліп отырған Алматы тау кластері, Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстау облысының жағажайлық туризмін дамытуға көңіл бөлінеді. Интернет пен инфрақұрылым, қызмет көрсету мәселелерін шешу үшін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, әлеуетті министрліктер және кәсіпкерлер байланыс орнатпақшы.
Әлішер Тұрсын, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ресми өкілі:
- Қонақүй салатын болсаңыз, сізге инвестициялық жобаның құнына 10%, тау-шаңғы құрылғыларын алуға 25%, тау-шаңғы курортын саламын десеңіз, 25% субсидия беріледі. 50 млн-дық қонақүй салсаңыз, соның 5 млн-ы сізге субсидияланады. Одан бөлек, шетелден туристер тартатын немесе алып келетін туроператорларға да бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.
Туроператорлардың табысы артты
Туристік операторлардың табысы былтырғыдан 40%-ке көбейді. Жарты жылдағы олжа – 285,7 млрд теңге. Мамандар мұны айрықша құбылысқа балап отыр. Себебі әдетте екінші жартыжылдықтағы көрсеткіш жоғарырақ болатын. Екі жылдан бері отандық туристік операторлар әрбір шетелдік турист үшін 15 мың теңге субсидия алып отыр. Демек, сырттан келетін меймандар қатары артты. Десе де, ел ішін аралап не шет мемлекеттерді көріп қайтуға құмар жандар да көп. Ал «Kids go free» бағдарламасы енгізілгелі отбасылық саяхаттар жиілей түскен. Оның аясында отандық туроператорлардың қызметін алған жолаушылардың балалары кез келген бағытқа тегін ұшады.
Ұшу демекші, 2026 жылы елімізде үш жаңа әуежай пайда болады. Катонқарағай, Зайсан және Кендірлідегі маңызды нысандардың құрылысы келесі жылы басталады.
Авторы: Мерей Мұратханқызы