СҚО-да 4,2 млн тонна бидай жиналды
Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ауыл шаруашылығы басқармасы берген соңғы мәлімет бойынша қазір бидайдың 70%-і қамбаға құйылды. Бұл – 4 млн 200 мың тонна. Күзгі дала жұмыстарына 7 мың комбайн жұмылдырылған. Диқандар бітік шыққан егінді дер кезінде жинап алу үшін күндіз-түні дамыл таппай, егістік басында жүр. Бұған дейін жаңбыр жауып, жиын-терім барысы бір-екі аптаға тоқтап қалған еді. Орылған өнімнің жартысына жуығы үшінші класқа жатады.
Анастасия Харламова, ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы:
- Өңірде 46 элеватор мен 300-ден астам астық қабылдау орны бар. Бұл бір мезетте 7 млн тоннаға жуық өнімді сақтауға жетеді. Биыл бұл кәсіпорындарға егінді кептіруге Үкіметтен 20 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді.