Кәсіпкер: «Қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін кез келді
«Қара алтыннан ақ алтынға өтетін кез келді». Алматы облысының Ақши ауылында мыңдап түйе өсіріп, шұбат өндірісін өркендетіп, құрғақ сүт өнімдерін Қытай мен араб елдеріне экспорттап отырған кәсіпкер Сыдық Дәулетов осындай құнды пікір айтты.
Оның пайымдауынша, жерасты қазба байлықтары уақыт өте таусылады. Ал қымыз бен шұбат өндірісі – сарқылмас байлық көзі әрі ұлттың саулығы.
Сыдық Дәулетов Алматы облысына Қарақалпақстаннан көшіп келген. 1990 жылдардағы тоқырау кезеңінде екі қолға бір күрек таппай, Алматының қан базарында манты сатты. Көп ұзамай Сыдық Әбуұлы бар тапқан ақшасына 3 түйе сатып алып, өсіре бастайды. Содан бері арада ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Ол бүгінде өзінің адал еңбек, маңдай терінің арқасында Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың қатарына қосылды.
Сыдық Дәулетов, кәсіпкер:
- Жер асты байлығы 10 жыл болсын, 100 жыл болсын – таусылады. Сондықтан біз қара алтыннан ақ алтынға, ақ алтын деп отырғаным – жер бетіндегі байлықты тиімді пайдалану. Ол – ауыл шаруашылығында мал өсіру, егін егу.
Түйешінің «Қазақстан тез арада қара алтыннан ақ алтынға өтіп, агроөнеркәсіптік кешенді жан-жақты дамыту ісін шұғыл қолға алуы тиіс» деген сөзінің жаны бар. Мәселен, еліміздегі жанар-жағармай бағасы бүгінде орта есеппен 241 теңге болса, шұбаттың әр литрі 800-1000 теңге аралығында саудаланып жатыр. Сыдық Әбуұлы 3 жыл бұрын Іле ауданындағы Ақши ауылынан құрғақ түйе сүтін өндіретін зауыт ашты.
Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:
- Миллиард 200 миллионға ол кісі инвестиция тартып, ауылымызға зауыт салды, сүтті құрғақтандырып. Шетел мемлекеттеріне экспортқа шығаруға жұмыс істеді. Қазіргі таңда Қытай мемлекетіне шығарып жатыр. Бір тоннадай сүт құрғақ өнімдерін мына араб мемлекеттеріне жіберіп жатыр.
Шаруашылық күніне 5 тонна түйе сүтін сауып, айына 15 тонна ұнтақталған шұбат шығарады. Өндірілген өнімнің 50%-і экспортталады. Қалған бөлігі отандық нарықты қамтамасыз етуге бағытталған. «Мал баққанға бітеді» дегенді қазақ тегін айтпаған. Осыдан 23 жыл бұрын өз кәсібін 10 шақты түйемен бастаған Сыдық Дәулетовтың шаруашылығында қазір 7500 басқа жуық түйе бар. Болашақта олардың санын 15 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.