Құрылысшы мамандығы тиянақтылықты талап етеді

Елордада сәулеті келіскен тұрғын үйлер, әлеуметтік және бизнес нысандары күн санап көбейіп келеді.

Әр ғимараттың кірпішіне құрылысшылардың маңдай тері тамған. Сондықтан қаланың көз тоймас келбеті дәл осы мамандардың қолтаңбасы іспеттес. 

Мынау зәулім ғимараттың қасбетін келтіру шеберлікпен қатар тәуекелді талап етеді. Өйткені күн сайын қабырғада ілініп тұрып жұмыс істеу оңайға соқпайды. Бекжан бұл іспен он шақты жылдан бері айналысып келеді. Кәсіби мамандығы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болғанымен, ынтасы құрылыс саласына ауыпты. Осы аралықта астанадағы 50 шақты нысанның ажарын айшықтаған.

Бекжан Мәлік, қасбетші:

- Бұрын сәл оңайлау-тұғын алғашында. Прямой плоско болатын. Қазір сәндейді. Сосын сәл сложный. Жұмыс қазір ауырлау. Астананы көркейтіп жатқан осы зәулім үйлер ғой. Объемда жүргеннен кейін табыс көп. Жұмыс істегенге қарай ғой. Жұмысыма ризамын, жақсы көремін. 

Ал Медет ғимараттардың ішкі келбетіне жауапты. Бригадасымен бірге 16 қабатты үйдің кіреберісі мен дәліздерін сәндеп жатыр. Кейіпкеріміз еңбек жолын дәнекерлеуші болып бастаса, кейінгі екі жылын осы салаға арнаған. Айтуынша, техникалық мамандықтың қай-қайсысы да тұрақты табыс кепілі. 

Медет Атырауов, құрылыс-монтаж шебері:

- Қазір 70 пайыз дайын жұмыстың. 1-этажы ғана қалды осы холлдар. Қазір жастар мынандай жұмыс істейді деп ойламаймын негізі. Көбі басқа салаға кетеді. Білмеймін енді, ауыр жұмыс деп ойлайтын шығар. Шаң болады. Үстіге шығамыз.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша елде 53 мың құрылыс компаниясы бар. Салада 648 мың адам жұмыс істейді. Былтыр 17,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткіш артады.

Серік Тастанбеков, инженер-прораб:

- Құрылысшы мамандығы өте қиын жұмыстардың бірі деп есептеймін және жауапкершілігі өте жоғары болу керек. Құрылысшы қателессе, көп адам зардап шегеді.

Өткен жылы барлық құрылыс жұмыстарының жалпы құны 7,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл ел экономикасы үшін дәл осы саланың маңыздылығын аңғартады. Тиісті жұмыстардың уақтылы әрі сапалы атқарылуы қарапайым еңбек адамдарының қарым-қабілетімен тікелей байланысты. 

Еркебұлан Смадияров, Ғалымжан Абдылахат