Қостанайда еңбек әулеттері көбейіп келеді

Қостанайда машина жасау мамандығын ұрпақтан ұрпаққа жалғаған еңбек әулеттері аз емес.

Мысалы, Черепановтар жанұясының металлургия саласындағы жалпы еңбек өтілі 130 жылға жуықтаған. Атадан балаға мирас болған кәсіпті қазір Светлана жалғастырып жатыр.

Светлана мамандық таңдауда қинала қоймаған. Бала кезінен металлургтар арасында өскендіктен, ата-анасының жолын қуып, осы кәсіпке ден қояды. Еңбек жолын Рудный тау-кен комбинатында бастаған. Одан кейін Қостанайдағы ауыл шаруашылығы техникаларын жасайтын зауытқа ауысады. Содан бері осы кәсіпорында жұмыс істеп жатқанына 35 жыл болыпты. Қазір зауыттың металлургиялық цехының басшысы.

Светлана Черепанова, металлургиялық цех басшысы:

- Менің бүкіл өмірім осы зауытта өтті десе болады. Араласатын достарым да, тіпті отбасым да осы өндіріс орынымен байланыста. Мұнда жұмыс істеген өзіме ұнайды. Темірды қорытып, түрлі бұйымдар жасау мен үшін қызықты, өте кермет дүние.

Светлананың баласы Александр да осы зауытта білікті маман. Төрт жыл бұрын қарапайым жұмысшылықтан бастаған жас жігіт, қазір жаңа жобаларды енгізу және бөлшектер өндірісін оқшаулау бөлімінің басшысы.

Александр Черепанов, жаңа жобаларды енгізу бөлімінің басшысы:

- Бастапқы кезеңде түрлі салада жұмыс істедім. Ақыры не керек, еңбек династиясын үзбейін деп, машина жасау зауытына келдім. Бала кезден кәсіпорын таныс болғандықтан тартып тұрады екен. Оның үстіне өндіріс кеңейіп, қарқын алып жатқандығы қызықты көрінді.

Қостанай ауылшаруашылық техникаларын жасау зауытында өзге өңірлердегі филиалдарды қоса есептегенде 700 адам жұмыс істейді. Соның 40 проценті жастар. Тамақ, тасымал, кәсіби білім беру тегін. Осындай әлеуметтік қолдаудың нәтижесі болар қазір мұнда жұмыс істеуге ниетті жастар көп. Солардың ішінен негізінен отбасылық еңбек әулеттеріне басымдылық беріледі.

Әлібек Құсайынов, зауыттың персонал және қоғаммен байланыс жөніндегі вице-президенті:

- Еңбек династияларының жақсы жағы – ол тұрақтылық. Бір-біріне үйретіп, жаңағыдай бір династия бір-біріне айтып, беріп жатса, менің ойымша, ол тек қана жақсы, әрі қарай бұл саланың тез дамуына өз үлесін қосады.

Айта кетелік, өңірде машина жасау өндірісінің өсуімен техникалық мамандықтарға сұраныс артып отыр. Қазір дуалды оқыту жүйесі кең қолданыста. Оған кез келген салалық жоғары оқу орыны, колледж студенттері қатыса алады.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг