Ас атасын ардақтаған кәсіпкер

Абай облысында қарапайым еңбек адамы тұтас елді мекенді нанмен қамтамасыз етіп отыр.

Беген ауылының тұрғындары бұрын ас атасын аудан орталығы мен қаладан таситын. Қазір өнім ауылда дайындалады. Наубайханашы Қуаныш Мусин алдағы уақытта мемлекеттен қолдау алып, кәсібін кеңейтуді көздейді.

Қуаныш Мусин 2016 жылы наубайхана цехын ашып кәсібін бастаған. Бүгінде ісіне береке дарып, бүкіл ауыл тұрғындарын нан өнімдерімен қамтып отыр. Бұдан бөлек дайындалған өнімін көршілес ауылдарға жөнелтеді. Орман шаруашылықтарына жібереді. Еңбек адамы әр жұма сайын көпбалалы аналарға тегін нан таратады. 

Қуаныш Мусин, наубайханашы:

- Ауыл болғаннан кейін бір-бірімізге көмектеспегенде қалай көтереміз ауылымызды. Солай көтереміз ауылымызды. Бәріміз бірдей өмір сүруіміз керек. Өмір бір-ақ рет емеспе. Жаңадан тағы бір наубайхана салып жатырмын. Қазіргі заман талабына сай пештер қойып, нан басатынды жаңартып. Қазіргі заманмен көрейік деп жатырмыз енді еңбектеніп.

Наубайханада тәулігіне 250 дана нан әзірленіп, дүкен сөрелеріне жөнелтіледі. Қуаныштың айтуынша, келіп түсер тапсырыс саны әр күні әр қалай екен. Бүгінде осы кәсібі арқылы ол екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

Дәметкен Мақперова, жеке кәсіпкер:

- Қуаныш бауырымызға өте ризамыз. Күнде свежий нан жегізеді бізге. Нанның сапасы өте жақсы. Нанымыз кей кезде жетпей де қалады. Күніне 30 нан аламын. Сұраныс өте жақсы, рақмет айтамыз ризамыз.

Еңбек адамы алдағы уақытта цех аумағын кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтқысы келеді. Осылайша шағын ісін отбасылық кәсіпке айналдыруға ниетті. Жоспарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруді көздейді.

Нұрлан Асылғожин, Беген ауылдық округінің әкімі:

- Жеке кәсіпкерлерге өзінің кәсібін дамытуға көмегімізді қолымыздан келгенше жасап жатырмыз. Мемлекеттік гранттар тарапынан болса, болып жатқан жеңілдіктерді алуына септігімізді тигізіп жатырмыз. Қаржылай көмек қажет енді мына мемлекет тарапынан грант қажет енді. Соған біз көмектесіп, алуға жағдай жасаймыз.

Қуаныш  Мусин үйінің жанынан жаңа наубайхана салып қойған. Қазір құрылыстың ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Енді мемлекеттен қолдау алып ішін заманауи жабдықтармен жасақтауды көздейді. Егер наубайхана ашылса ауылда тағы 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы