Қызылорда облысында күріш ору басталды
Қызылордада күріш жиналып жатыр.
Сыр маржанын жаз бойы күтіп баптаудан бөлек орып, жинап алудың бейнеті аз емес. Дала төсін дүбірге бөлеген диқан қауым күні-түні алқап басында жүр. Жаз бойы төккен тер ақталды ма?
Қызылорда облысында 189 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 85 мың 600 гектары ақ күріштің үлесінде. Сырдариялық диқандар да жиын-терімді бастап кетті. Жасқанат Жұманиязов 18 жасынан комбайн тізгіндейді. Егін саласында тер төккеніне 15 жылдан асты. Оның әкесі де осы шаруашылықта механизатор болған. «Ауыл шаруашылығы техникасының қыр-сырын әкем үйретті. Қазір кез келген темір тұлпардың ақауын анықтап, жөндеп, жүргізе беремін»,-дейді ол.
Жасқанат Жұманиязов, комбайншы:
- 11-сыныпты бітірген кезімде еріп, көмектесіп жүретін едім. Содан кейін өзім айдадым. Ішінің бәрі кнопка ғой. Жағдай жақсы, кондиционер бар. Бұрын ондай жоқ еді. Ескінің аты ескі ғой. Бұрын терезені ашып айдаймыз. Ішінің бәрі темір, кнопка жоқ. Қазір шаң кірмейді. Мощность көп.
Бір күн жаңбыр жауса, алқап басындағы жұмыс 2-3 күнге дейін тоқтайды. Сабағы кеппеген күрішке комбайнның тісі батпайды. Сондықтан күні-түні егін басындағы техника тыным таппайды. Жалағаш ауданының диқандары да былтырмен салыстырғанда әлде қайда жоғары өнімге қол жеткізді. Егінді жаз бойы балаша мәпелеген күрішші қауым әр түйір дәннің шығынсыз қамбаға түсуі үшін уақытпен санаспай алқап басында жүр.
Ербол Ақбергенов, диқан:
- Егінге орақ август айының 17-сі күні салынды, содан бері жинап келе жатырмыз. Қазіргі уақытта 900 гектар жердің өнімін жинап алдық. Орташа өнім 87 центнер. Былтыр 72 центнерден өнім алғанбыз. Биыл жоғары.
Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биылғы жылдың ерекшелігі Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында, мемлекетаралық келіссөздердің нәтижесінде диқаншы қауым биыл су тапшылығын сезінген жоқ. Уақытылы егу жұмыстары да, күтіп-баптау жұмыстары агротехникалық талаптарға сәйкес жүргізілді. Айта кету керек, бұл диқаншы қауымның жаздай төккен тері. Сол диқаншы қауым үлкен нәтижемен жылды қорытындылайын деп отыр.
Мамандардың болжамы бойынша биыл қамбаға 450 мың тоннадай сыр маржаны құйылады.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев