Ақтөбе облысындағы әулет 1,5 ғасыр бойы егіншілікпен айналысады

Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында тұратын Қасымовтар әулеті 150 жылдан бері жер еміп, егін егумен айналысады.

Еңбекке ерте араласқан Әлімжан ақсақал мен Айман әжейдің ұлдары да ата жолын қуды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары шаруа қожалығын құрып, ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр. Қырмандағы астықты қамбаға толтыруға кіріскен диқандармен тілшіміз жүздесіп қайтты.

Жасы тоқсанға таяған Айман Қасымова кезінде сауыншы болған. Кейуана әлі де тың. Балаларына бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып отыр. Ері Әлімжан ақсақал әскерден оралған соң еңбек жолын тракторшы болып бастап, кейін бригадирлік қызметті атқарады. Бар ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған ерлі-зайыпты 8 баланы тәрбиелеп өсірген.

Айман Қасымова, зейнеткер:

- Ауылдан қашпау керек. Мына туған жер, ауылды ешкім тастамай ұмытпау керек. Бізді кормить еткен осы ауыл ғой, айналайын. Туған жерге еңбек істеу керек. Әйел бол, ер адам бол өзіңнің туған жерің, өзіңнің еліңді ұмытпай соны алға ұмтылу керек. Жұмыстан қашпау керек. 

Нұрғазы мен Нұрымғазы Қасымовтар да ата жолын қуып ауыл шаруашылығына ден қойды. Үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған Нұрғазы Әлімжанұлының еңбек өтілі 45 жылға жуық. Ағайынды шаруалар бүгінде 3 мың гектар жерге дән сеуіп, арпа-бидай өсіредІ.

Нұрғазы Қасымов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жас күнімде механик болуды армандадым. Бірақ әкем диқан бол деп, агроном мамандығына түсуге кеңес берді. Еш өкінбеймін. Егін алқабында еңбек етіп, масақтанған бидай толқынын тамашалаған ұнайды. Ас атасын өсіруді өмірлік парыз көрем.

Қасымовтар әулеті құрған шаруа қожалығында 12 адам еңбек етеді. Науқан кезінде ауыл тұрғындарын қосымша көмекке шақырады. Шағын елдімекен халқының тұрақты табыс көзіне айналған.

Михаил Морозов, механизатор:

- Бұл шаруа қожалығына кәсіптік оқу орынын тәмамдаған сәтте келдім. Алғашқыда өндірістік тәжірибе болатын. Кейін тұрақты жұмысқа орналастым. 18 жыл болды. Бала күнімнен техникаға жақын болғандықтан қызметім өзіме ұнайды.

Биыл қожалықтың қамбасы толды. Егін бітік шықты. Гектарынан 13 центнерден өнім алған механизаторлар енді техниканы жөндеп, көктемгі егіс науқанына дайындайды. Ал жүргізушілер болса қырманға жеткен астықты шашау шығармай диірменге тасымалдайды.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов