Алтын құны 35%-ға өсті

Өткен айда Ұлттық банктегі алтын қоры 22,4 млрд долларға жетті. Жыл басынан бергі өсім – 20%.

Осы бағалы металды инвестиция ретінде пайдаланатындар көп. Оның үстіне қазір жаһандағы алтын құны рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұл салымшылар үшін пайдалы ма? Қандай тәуекелдер бар?

Жыл басынан бері елдегі алтын құны 35%-ға өскен. Ұлттық банк таратқан ақпаратқа сүйенсек, өткен аптада өнімнің 1 грамы 40 мың теңгеге бағаланыпты. Ал әлемдік нарықта бағалы металл унциясы 2670 доллардан асқан. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мамандардың есебіне қарағанда, бір жыл бұрын 29300 теңгеге 10 грамм алтын сатып алсаңыз, қазіргі таңда инвестицияңыз 39%-ға өсер еді. Иә, кірістілік бар. Бірақ тәуекелді де ескеру керек. Себебі экономикалық дағдарыс кезеңінде алтын құны жылдам өседі. Ал осы тұста өнімді сату жеделдесе, баға бірден құлдырап кетуі мүмкін. Жалпы алтын құнына геосаяси және макроэкономикалық факторлар, инфляция қатты әсер етеді. Алтынның өзін сақтау, күтіп-баптау да біраз шығын екенін ұмытпау керек.

 

Р.Досов: Алтын – қауіпсіз активтердің бірі

Алтын – қауіпсіз активтердің бірі. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жетекші сарапшысы Рамазан Досов осылай дейді. Бүгінде алтын құймаларын сатып алу не сату қалыпты үрдіске айналды. Дегенмен, сарапшы сатып алу мен сату кезінде біраз шығын болуы мүмкін екенін ескертеді. Оған қоса, алтынның кірістілігі оның құнына және доллар бағамына байланысты құбылады. Сол себепті сарапшы ұзақ мерзімді инвестициялауға кеңес береді.

 

Алтын салымға кепілдік берілмейді

Десе де Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банктегі бағалы металдардың кепілдендірілмейтінін айтады. Қор жеке тұлғалардың депозиттерін банктік шот немесе басқа банктердегі салым шарты жасалған сәттен бастап қорғайды.

Егер сақтандыру жағдайы туындаса, яғни банк лицензиясынан айырылса, салымшыларға қаражат теңгемен және ең жоғары сома шегінде өтеледі. Бұл – 20 млн теңге.

Бүгінде көптеген қазақстандықтар алтынға инвестиция салу тиімді инвестиция құралы деп санайды. Сондықтан пәтер, валюта, акциялар сатып алудан бөлек, бағалы металдар да сұранысқа ие. Ол монеталар немесе зергерлік бұйымдар түрінде жаппай сатып алынады. Кейбір адамдар оларды сейфте сақтауды жөн көреді. Алайда бағалы металдарға Қор кепілдік бермейді.