Ішкі саудадағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін 4 млрд теңге бөлінді
Елімізде ішкі саудадағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін мемлекеттік бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің комитет төрағасы Айдар Әбілдабеков баяндады. Кәсіпкерлер сауда нысанын салу, кеңейту немесе жаңғырту, үй жанынан дүкен ашу, салада ІТ-бағдарламалар әзірлеу үшін осындай демеу-қаржыны пайдалана алады. Тек ойын-сауық орталықтарының иелері мен 3 мегаполистегі бизнес субъектілері бағдарламаға қатыса алмайды. Қолдау шарасы 2 тәсіл арқылы жүзеге асырылады. Алғашқысы несие мөлшерлемесін субсидиялау, кейінгісі несиеге кепіл болу.
Айдар Әбілдабеков, ҚР СИМ сауда комитетінің төрағасы:
- Бағдарламаның шарты бойынша сауда нысандарына қатысты жобаларын облыс орталықтарында жүзеге асыратын жеке кәсіпкерге берілетін сома 3 млрд теңгеден аспайды. Ал жобаны моноқалаларда немесе ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратындар үшін белгіленген сома 1,5 млрд теңгеден аспайды.
Сонымен қатар елдегі базарларды жаңғырту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Оның аясында барлығы 115 базар жаңа кейіпке енбек. Биыл 16 нысанда тиісті жұмыстар жүргізілсе, қалғаны келер жылдың еншісіне қалып отыр.