Ақмола облысында астықтың 80%-і орылды
Ақмола облысында егіннің 80%-і орылды. Қазан айының ортасына дейін науқан аяқталады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір шамамен 5 миллион тонна бидай қамбаға құйылды. Егіннің орташа түсімі гектарынан 13 центнерден айналып жатыр.
Шортанды ауданында күзгі жиын-терім науқанының қызған шағы. Диқандар қас қарайғанша жұмыс істеп, күн суытпай тұрып, өнімді жинап алуға тырысып жатыр. Тәжірибелі механизатор Нұрлан Шәмбілов түнде астық оруға әбден машықтанып алған. Заманауи комбайнда жүргізуші үшін қолайлы жағдай жасалған.
Нұрлан Шәмбілов, механизатор:
- Таңертен енді ылғалды болады кішкене. Сосын сағат 9-10 кезінде бастаймыз. Түнгі 11-12-ге дейін боламыз ғой біз. Түнгі уақытта істеудің еш қиындығы жоқ. Мына техникаларда барлық жағдай, бәрі бар.
Жиналған өнім бірден астық кептіретін орындарға жеткізіліп жатыр. Өңірде жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын 66 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
Клара Меңдібаева, астық қабылдау пунктінің басшысы:
- Элеваторымызда 4 кептіру қондырғысы бар. Оның екеуі зығыр сабанымен, екеуі дизель отынымен жұмыс істейді. Шамамен тәулігіне 200 тонна бидай кептіріп жатырмыз. Екі ауысымда қызмет көрсетеміз.
Аграрлы аймақтағы егінның шығымы әр ауданда әртүрлі. Мәселен, Сандықтау ауданында гектарына 50 центнерден өнім алып жатқан шаруашылықтар бар. Ал кей ауданда астықтың орташа түсімі 10 центнерге де жетпейді.
Талғат Бейсенов, Жарқайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Кедергі жасап жатыр ауа райымыз. Сонымен жұмыс жасағанның өзінде гектарына орташа 8 центнерден алып жатырмыз. Астықтың сапасы басында нашарлау болды. 4-5 класқа түсті. Қазір ақырындап оңалып келе жатқан секілді.
Егін ору науқынына облыс бойынша 9 мыңға жуық комбайн жұмылдырылған. Оның жартысына жуығы – жаңа техника. Астықты еш қиындықсыз қамбаға құю үшін Үкіметтен 80 мың тонна арзандатылған жанар-жанармай бөлінді. Науқан қазан айының алғашқы онкүндігінде аяқталады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.